Жүйеге кіру
ЕЭК Министрі Данил Ибраев: «Комиссия Одақ мемлекеттері экономикаларының тиімді дамуы үшін жағдайлар жасауда»

ЕЭК Министрі Данил Ибраев: «Комиссия Одақ мемлекеттері экономикаларының тиімді дамуы үшін жағдайлар жасауда»

01.04.2016

1 сәуірде Бішкекте Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Данил Ибраев Орталық Азиядағы Америка университетінде өткен ашық дәрісі барысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жаһандану жағдайындағы даму перспективалары және Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруінің артықшылықтары туралы айтып берді.

Данил Ибраев, атап айтқанда: «Қырғызстанның азаматтары мен бизнесі үшін жағымды факторлардың бірі Қазақстанмен шекарадағы кедендік бақылаудың алып тасталуы болып табылады. Бұл шекарадан өту процесін оңайлатты және жылдамдатты. Сонымен қатар Республиканың Одақ шеңберінде 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 43 секторда жұмыс жасайтын қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығына қосылуы, сондай-ақ Қырғызстан азаматтарының көші-қон саясатын ырықтандырудан алған артықшылықтары да маңызды болып табылады», - деп баса айтты.

Дәріс барысында ЕЭК Министрі Қырғызстан студенттерін, мұғалімдерін және бизнес-қауымдастықтарының өкілдерін Комиссияның қызметі, жұмыс жасауы және міндеттері туралы хабардар етті. Данил Ибраевтың атап өткендей, «Еуразиялық экономикалық одақ өзге интеграциялық блоктар мен жетекші экономикалық державалармен байланыстарды жолға қою бойынша жұмыс жүргізуде». Одақ елдері, мысалы Қытайдың «Жібек жолы Экономикалық белдеуін» құру бойынша бастамасын қолдады. Осыған орай, ЕЭК Министрі: «Екі жобаны ұштастыру бағыты ЕАЭО елдері мен ҚХР-дың өзара тиімді ынтымақтастықтың үйлесімді ортақ кеңістігін құруға талпыныстарының жаңа айғағы. Бұл Одақ елдерінің, соның ішінде Қытайдың ең жақын көршісі - Қырғызстанның транзиттік әлеуетін толық ашуға, Азия мен Еуропа арасында сенімді құрлық көпірін салуға, Қырғызстанға және Одақтың өзге елдеріне қазіргі автомобиль және теміржол жолдарын жаңғырту мен жаңаларын салу үшін қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

Данил Ибраевтың айтуынша, Комиссия ЕАЭО мақсаттарын іске асыруға: «мүше мемлекеттер экономикаларының тиімді дамуы үшін жағдайлар жасауға, тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға, іскерлік белсенділік пен адал бәсекелестіктің орнықты дамуын қамтамасыз етуге басты көңіл бөлуде». Бұл ретте, мүше мемлекеттер «орнықты даму» ұғымына сонымен қатар энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру идеясын және көлік және инфрақұрылым бөлігіндегі интеграцияның тереңдетілуін де жатқызады.