Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің басшылары ЖЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың даму перспективаларын қорытындылады және белгілеп алды

ЕАЭО елдерінің басшылары ЖЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың даму перспективаларын қорытындылады және белгілеп алды

01.06.2016

31 мамырда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысы болды, оның жұмысына Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Іс-шара барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің басшылары Одақты дамытудың неғұрлым өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Отырысты аша отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың барлығын ЕАЭО туралы шарттың жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «пайда болуының аз мерзіміне және біз осы жолдың басында бастан кешкен экономикалық қиындықтарға қарамастан бүгінде ЕАЭО-ның толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде құрылғаны туралы сеніммен атауға болады. Енді біздің экономикаларымыздың жақындауы біздің ЕАЭО туралы шартта белгілеген жоспарларға және мерзімдерге сәйкес жүргізіліп келеді». Нұрсұлтан Назарбаев Одақ қызметінің қойылған міндеттер мен қағидаттарын іске асырудың мүше мемлекеттердің экономикасы үшін қуатты импульс болатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. ЕАЭО-ның ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқалары секілді интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланысын жолға қою мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Осыған байланысты, ЖЕЭК төрағасы ретінде өзінің ұсынысы бойынша 2016 жылдың «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және шешуші интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы» деп жарияланғанын еске салды. «ЕАЭО-ны біз дүниежүзілік экономикалық жүйеге шектеп интеграцияланған, Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көреміз», деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, Одақтың біріктірілген нарығының Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланыстыратын буын болуға міндетті деп атап өтті.

Қазақстан Президентінің пікірі бойынша Одақ шеңберінде тауарлар мен қызмет көрсетулердің еркін қозғалысы қытайлық басшылық ұсынған «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді.

Мемлекет басшысы әлемдік экономикада болып жатқан жағымсыз оқиғалардың баршамызға сынақ екеніне және ЕАЭО алаңында неғұрлым бірлесіп жұмыс істеуді талап ететініне назар аударды. «Біз өзара сауданың күрт төмендеуін бастан кешіп отырған осы қиын жағдайда өзара іс-қимыл мүмкіндігінің басқа да жолдарын іздестіруіміз керек»,деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті ЕАЭО-да елдердің өкілдік етуін ескере отырып, осы жылы интеграциялық бірлестіктердің одан әрі де табысты және қарқынды дамуы үшін барлық күштердің жұмсалатынына сенім білдірді.

Армения Президенті Серж Саргсян экономикалық интеграцияның макроэкономикалық деңгейдегі көзқарастарды үйлестіру деңгейін арттыруды талап ететінін атап өтті. «Осыған байланысты ЕАЭО мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын кезең-кезеңмен іске асыруға және біздің экономикалық әлеуетімізді ұштастыру бойынша одан әрі пәрменді тетіктерін әзірлеуге аса мән беріледі. Бұл біздің елдеріміздің экономикасының тұрақтылығын арттыруға және қалыптасқан жағымсыз экономикалық жағдайлардың салдарларын еңсеруге ықпал ететін болады. Біз әлемдік саясат пен экономикада өңірлік құрылымдардың үлесін арттырудың жалпы көрінісінде біздің интеграциямыздың экономикалық серіктестіктің тартымды үлгісі болып қалуы, барлық мүдделі тараптармен кең ынтымақтастық үшін ашық болуы үшін барлығын жасауымыз керек»,деп мәлімдеді Серж Саргсян.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко ЕАЭО дамыту мақсатында қойылған міндеттерді іске асыруда қалыптасқан қиыншылықтарға назар аударды. «Екі жыл бұрын біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойдық. Осы уақыт ішінде елеулі түбегейлі шешімдер қабылданды: көліктік қызмет көрсетулерді ырықтандырудың, электрэнергиясының бірыңғай нарығын қалыптастырудың, экспорттық саясаттың негіздері қаланды. Өкінішке орай, оның барлығы біз жоспарлағандай дами бермеді. Проблемалар әлі де жеткілікті, бірақ олардың ең өткір дегендерін біз бүгін талқыладық. Ең алдымен, теориялық әзірлемелерді практикалық жазықтыққа көшіру қажет», – деп атап өтті Беларусь Президенті.

Атап айтқанда, Александр Лукашенко өзара саудадағы ішкі алып қоюлар мен шектеулерді жою, үшінші елдерге қатысты мүше мемлекеттердің бірінің нарықты қорғаудың бір жақты шаралар қолдану жағдайында ЕАЭО жұмыс істеуі тетіктерін әзірлеу туралы бастаманы орындау қажеттігін көрсетті. Бұдан басқа, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай нарығын құру жөніндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықта, энергетикалық саладағы міндеттерді іске асырудың  маңыздылығын атап өтті.

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев мүше-мемлекет басшыларын барлық күшті негізгі мақсаттарға қол жеткізуге кедергі келтіретін кедергілерді жоюға және интеграциялық процесс міндеттеріне бағыттауға шақырды. Ол Одақтың үлкен әлеуетін атап өтті. «Қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер мен табыстар бар. Әрине, олқылықтар да, қолдан жасалған проблемалар да бар. Біз өз халықтарымызда өзге баламаның жоқ екенін ашық сезінуіміз керек. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына, өз елдеріміздің болашағына жауаптымыз. Біздің халқымыз бен мемлекетіміздің, сондай-ақ барлық министрліктер мен ведомстволарымыз басшыларының еңбегі және шыдамдылығы, даналығы және ынтымақтастығы керек. Мен ЕАЭО-тың болашағына сенемін», деді Алмазбек Атамбаев.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ЕАЭО шеңберінде жасалған жұмыстарды жоғары бағалады. «Еуразиялық экономикалық одақтың бір жарым жылдық жұмысы ішінде біз расында да осы ауқымды интеграциялық жобаны ілгері жылжытуда көп нәрсені жасап үлгердік, ең бастысы – Одақтың біздің елдеріміздің экономикалық дамуының нақты міндеттерін шешуге нысана алған қазіргі заманғы халықаралық ұйым ретінде құрылғанын атап өтуге болады», – деп атап өтті мемлекет басшысы.

РФ Президентінің пікірі бойынша «бірқатар бағыттар бойынша жұмысты одан әрі де белсенді қарқында жалғастыра беру қажет. Бұл, атап айтқанда, жаңа Кеден кодексін және Одақтың халықаралық шарттар жасауының тәртібі туралы келісімін әзірлеуге қатысты, яғни, интеграцияның одан әрі ілгерілеуі біздің дамуымыз үшін қажетті нормативтік құжаттарды дер кезінде қабылдауға байланысты болады».

Владимир Путин интеграциялық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестіктермен қатынастарды жүйелі түрде жолға қою қажет. «Біз Одақтың басқа елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланысты одан әрі тереңдетуге арналған күштерді шоғырландыру туралы қазақстандық өкілдіктің ұсынысын қолдаймыз». Атап айтқанда, РФ Президенті Еуразиялық экономикалық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою бойынша халықаралық конференция өткізу жөнінде қазақстандық тараптың бастамасын қолдады. «Еуразиялық экономикалық комиссияның оны пысықтауға белсенді түрде кірісуі қажет», – деп түйіндеді сөзін РФ Президенті.