Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің бас санитариялық дәрігерлері халықаралық көлік қатынасын қайта бастау перспективаларын қарады

ЕАЭО елдерінің бас санитариялық дәрігерлері халықаралық көлік қатынасын қайта бастау перспективаларын қарады

01.07.2020

Одақтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі ЕАЭО елдеріндегі халықаралық көлік қатынасын қайта бастау перспективаларын және Минскіде өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына дайындықтың эпидемияға қарсы аспектілерін қарады.

Отырысқа қатысушылар Комиссия мүше мемлекеттердің қатысуымен мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық көлік қатынасын қайта бастау тәсілдемелерін анықтау жөнінде ұсынымдар әзірлеуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Халықаралық қатынасты қайта бастау мүмкіндігі Одақ елдеріндегі эпидемиологиялық жағдаятқа негізделе отырып айқындалатын болады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің осы жылғы 17 шілдеде Минскіде өткізілуі мүмкін көзбе-көз форматтағы отырысына байланысты Беларусь Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша дайындық жұмыстарын жүзеге асырады. Одақ елдерінің қауіпсіздік қызметтері дайындаған профилактикалық шараларды сақтау туралы құжаттарды өзара тану көзделетін болады.

Сондай-ақ, Одақ елдерінде коронавирустық инфекцияның және өзге де жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау бойынша денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспары талқыланды. Құжатты ЕЭК Кеңесінің 10 шілдедегі отырысында және үстіміздегі жылғы 17 шілдеде ЕҮК отырысында қарау жоспарлануда.

 Анықтама

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 9 шешімімен құрылған.