Жүйеге кіру
ЕЭК Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлейтін болады

ЕЭК Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлейтін болады

01.12.2016

30 қарашада Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің вице-премьерлерінің қатысуымен өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) отырысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу туралы» өкімінің жобасы мақұлданды.

ЕАЭО туралы шартқа сәйкес тараптар өздеріне 2025 жылға қарай банк және сақтандыру салаларында, бағалы қағаздар нарығында ортақ қаржы нарығын қалыптастыру міндеттемесін алды.


«Ортақ қаржы нарығының негізгі параметрлері ЕАЭО туралы шартта жазылған. Алайда осы саладағы іс-қимылдардың нақты қадам сайынғы кезектілігі еш жерде айтылмайды, - деді ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов. – Осыған байланысты сезімталдығы жоғары әрі реттелген қаржы нарығы сияқты нарықта айқын «жол картасының» болуы қажет. Онда ЕАЭО елдері бұл салада қалайша алға жылжитыны, яғни Комиссия бес мүше мемлекетке қандай нормативтік актілер әзірлейтіні, ұлттық деңгейде қандай актілерді үндестіру, ортақ немесе бірыңғай инфрақұрылым құру үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі белгіленіп көрсетілуі тиіс. Барлық бұл мәселелер жаңа құжатта көрініс табады. Тұжырымдама – қаржы саласындағы барлық келісімдердің негіздемелік, шатырлық ресімделуі». ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Комиссияның тараптардың ұлттық банктерімен және үкіметтерімен ұзақ уақыт бойы диалог жүргізгенін де хабарлады. «Біз Тұжырымдама кезекті саммитте 2017 жылғы мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына ұсынылады деп есептеп отырмыз», - деп баса айтты Тимур Сүлейменов.


ЖЕЭК өкімінің жобасы осы жылдың соңына дейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына ұсынылады. Одақ елдерінің президенттері деңгейіндегі саммиттің қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, ұлттық банктеріне Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылады деп бағамдалуда.

Тұжырымдаманы әзірлеу және қабылдау Одақ мемлекеттерінің қаржылық интеграциясын тереңдетудің, олардың орнықты дамуы үшін жағдайлар жасаудың маңызды факторы болмақ.