Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО елдерінің бизнесіне салық салу кезіндегі тосқауылдарды жоюға шақырады

ЕЭК ЕАЭО елдерінің бизнесіне салық салу кезіндегі тосқауылдарды жоюға шақырады

01.12.2016
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) бизнес-қоғамдастық өкілдерімен салық саясаты мен әкімшіліктендіру мәселелері бойынша, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ішкі нарығындағы өзара сауда жасауға кедергі жасайтын әкімшілік тосқауылдар бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Ереванда ЕЭК Қаржы саясаты департаменті және Арменияның Өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы ұйымдастырған дөңгелек үстел осы мәселеге арналды.

«Өзара саудада салық салудың кейбір аспектілерін жете түсінбеу көбіне Одақтың нормативтік базасының қандай да бір ережелері бойынша мемлекеттік органдардың тиісті түсіндіру жұмыстарының жоқ болуынан туындайды», - деп есептейді ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Тигран Давтян.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Одаққа мүше мемлекеттерден Арменияға эскпорттау кезінде туындайтын проблемаларды талқылап, бизнес өкілдері ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін ұсынудан бас тартудың қазіргі практикасы туралы айтып берді. Әдетте, бас тартулар армяндық импорттаушылардан тауарларды әкелу және жанама салықтар төлеу туралы өтініш алмау қаупімен байланысты. Сөйтіп, бизнес іс жүзінде ҚҚС-ты екі рет төлеуге мәжбүр, бұл ЕАЭО туралы шарттың 72-бабының нормаларын бұзушылық болып табылады. Мұндай практиканы болдырмау үшін ЕЭК өкілдері тауарларды сату-сатып алу шарттарын жасасу кезінде экспорттаушы мекенжайына қажетті құжаттарды ұсынбағаны немесе уақытылы ұсынбағаны үшін жауапкершілік шараларын көздеуге ұсыным жасады.

Бизнестің пікірінше, ЕАЭО елдерінің бірқатар салық органдарының салық декларациясын ұсыну кезінде құжаттардың көп санын қоса беруді талап етуі екінші бір тосқауыл болып табылады. Сөз лицензиялар, патенттер, рұқсаттар және Одақтың нормативтік актілерінде көзделмеген басқа да құжаттар сияқты нотариат куәландырған құжаттар туралы болып отыр. Мұндай жағдайда салық декларациясын тапсыру кезінде тек ЕАЭО туралы шартқа № 18 қосымшада көзделген талаптарға сәйкес құжаттарды немесе олардың тізбесін қоса беру ұсынылады.

Одақ елдерінің уәкілетті органдары арасында әкелу туралы ақпарат алмасуды жетілдіру мәселелеріне елеулі көңіл бөлінді. ЕЭК Қаржы саясаты департаменті бизнес-қоғамдастыққа ЕАЭО-да жанама салықтарды алуды әкімшіліктендіру, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштерді толтыру, оны жетілдіру мәселелері, шаруашылық жүргізуші субъектілерге ҚҚС қайтару рәсімдерін оңайлату мүмкіндіктері бойынша деректерді ұсынды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара саудадағы жанама салықтар алу жүйесін жетілдіру саласында Комиссия мен Одақ елдерінің бизнес-қоғамдастығы арасында одан әрі ынтымақтасу жөнінде жоспарларды талқылап, ресми адамдар мен ЕАЭО әріптес елдер бизнесінің өкілдері арасындағы тікелей диалог Одақтағы салық саясатының, сондай-ақ салық салу және салықтық әкімшіліктендіру жөніндегі заңнаманың мақсаттарын біркелкі түсінуге ықпал ететін болады деген пікірге келді.