Жүйеге кіру
29 наурыз күні Астана қаласында Зияткерлік меншік бойынша Консультативтік комитеттің екінші отырысы болып өтті

29 наурыз күні Астана қаласында Зияткерлік меншік бойынша Консультативтік комитеттің екінші отырысы болып өтті

asf
02.04.2013
29 наурыз күні Астана қаласында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты бойынша Алқа Мүшесі (Министр) Т.Сүлейменовтың төрағалығымен Зияткерлік меншік бойынша Консультативтік комитеттің екінші отырысы болып өтті.
Отырысқа Консультативтік комитеттің мүшелері, ЕурАзЭҚ Парламентаралық ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіндегі Кедендік бақылау комитетінің, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіндегі Зияткерлік меншік құқықтары бойынша комитеттің, Қазақстанның «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының, Ресей федерациясы Ішкі істер министрлігінің, РФ Федералдық Кеден қызметінің, Роспатент өкілдері және РФ Президентінің жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша Уәкілетті тұлғаның өкілдері мен Консультативтік комитеттің жанындағы Авторлық құқық бойынша сараптамалық топтың мүшелері қатысты.
Отырыстың аясында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің аумақтарындағы тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған мекендерінің атаулары туралы Шарт жобасы бойынша жұмыс пікірталасы орын алды. ЕЭК Тараптармен бірлесе отырып, Шартқа қоса берілетін Нұсқаулықтың жобасын әзірледі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта БЭК тауар белгілерінің Бірыңғай тізбесін жүргізу мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары арасында ақпараттық өзара іс-қимыл жасау Регламентінің жобасын әзірлеу басталып кетті.
Отырыста Ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқарудың бірыңғай тәртібі туралы Келісімнің жобасы бойынша проблемалық мәселелер талқыланды. Әрбір проблемалық мәселе бойынша келісілген шешім қабылданды, сондай-ақ келісімнің жобасымен алдағы уақыттағы жұмыс тәртібі белгіленді.
Сонымен қатар, Консультативтік комитеттің мүшелері Тараптардың айтқан ескертпелерін және де талқылауды есепке ала отырып Зияткерлік меншігі нысандарының құқын қорғау бойынша іс-әрекеттерді үйлестіру туралы Шарттың жобасын қолдауға шешім қабылдады. Оны ЕЭК Алқасы мен Кеңесінің қарауына енгізу ұсынысы жасалды.
Отырыстың барысында Кеден одағына мүше мемлекеттердегі зияткерлік меншік нысандарының бірыңғай кедендік тізбесін жүргізіп отыру Регламентінің жобасы, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердегі зияткерлік меншік нысандарының бірыңғай кедендік тізбесі туралы 2010 жылғы 21 мамырдағы Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы да талқыланды.
Қазақстанның «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының бастамасымен Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер бұрынғы КСРО тауар белгілерін пайдалану мәселелері қарастырылды.
Консультативтік комитеттің отырысында Біртұтас экономикалық кеңістік аумағына заңсыз жолмен әкелінген және заңсыз жолмен шығарылған контрафактілі өнімдермен күрес жүргізетін мемлекетаралық органды құру туралы Ресей Федерациясының өтініші қаралды. Консультативтік комитеттің мүшелері мұндай келісілетін бірлескен іс-қимылдарды ұлттықтан жоғары ортақ реттеуші орган – Еуразиялық экономикалық комиссияның аясында жүзеге асыруды ұсынды. Қозғалған мәселелердің маңыздылықтарын ескеріп, Комитеттің мүшелері Комиссияға оқшауланған құрылымдық бөлімше, яғни департамент немесе қызмет құруды сондай-ақ Консультативтік комитеттің шеңберінде өзара іс-қимылдарды күшейтуді ұсынды.
 
Анықтамалық ақпарат.
Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің аумақтарындағы тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған мекендерінің атаулары туралы Шарт жобасын ЕЭК Алқасы 2013 жылдың 19 наурызында мақұлдады.
Жобада:
- Біртұтас экономикалық кеңістіктегі мемлекеттердің аумақтарында тауар белгілеріне бір мезгілді құқықтық қорғау ұсыну;
- бір тапсырыстың патенттік ведомстволардың қайсысына болмасын тапсырылуы, бірыңғай қорғау құжатының берілуі;
- өтініш берушінің бір ғана ведомствомен өзара әрекет етуі («бір терезе» қағидаты бойынша) көзделген.
Кеден одағы құрылып, Біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптасуына байланысты, КО мен БЭК мүше мемлекеттердің аумақтарында әр алуан құқық иегерлерімен тіркелген қазірде пайдаланылып жүрген «кеңестік» тауар белгілерінің құқықтық қорғалуында күрделі жағдай туындап отыр. Сараптама деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта алуан түрлі құқық иегерлерімен шамамен 5 мыңға жуық «кеңестік» тауар белгілері тіркелген екен.