Жүйеге кіру
Михаил Мясникович Минскіде жұмыс кездесулерін өткізді

Михаил Мясникович Минскіде жұмыс кездесулерін өткізді

02.07.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Беларуське жұмыс сапары шеңберінде бірқатар кездесу өткізді, соның ішінде Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенкомен, Беларусь Республикасының Салықтар мен алымдар министрі Сергей Наливайкомен және Беларусь Республикасы Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Юрий Сенькомен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесулерде Минскіде 17 шілдеде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын өткізуге және оған дайындыққа байланысты мәселелер мен COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданатын шаралар талқыланды.

Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды қадағалап отыру механизмі туралы келісімді іске асыруға ерекше назар аударылды. ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің сөзінше, Келісім Комиссияның кедендік блогының функционалы шеңберінен шыға отырып, қызмет салаларының өте кең спектрін қозғалысқа келтіреді, сондықтан «оңтайлы алгоритмді айқындай отырып, құжатты іске асыруға кешенді келу қажет».

Кездесуге қатысушылар тауарларды қадағалап отыру жүйесі салық және кеден салаларындағы ақпарат алмасуды жақсартуға, Одақтың сыртқы шекарасының барлық контуры бойынша үшінші елдерден тауарлар импортын әкімшілендірудің шаралары мен бірыңғай тәсілдемелерін келісуге, тауарлар импорты кезінде қадағалап отыру механизмдерін жедел қолдануды қамтамасыз етуге және Одақтың ішінде және сыртқы шекара арқылы тауарларды заңсыз өткізуді қысқартуға мүмкіндік береді деген пікір білдірді.

Михаил Мясникович сондай-ақ әріптестерімен бірыңғай одақтық нарықтағы ықтимал кедергілерді жоюды және Одақ елдерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Ресей Федерациясындағы мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуін қамтамасыз етуді талқылады.​