Жүйеге кіру
Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру кезінде салымшылар құқығын қорғау саласындағы таңдаулы әлемдік стандарттар қолданылатын болады

Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру кезінде салымшылар құқығын қорғау саласындағы таңдаулы әлемдік стандарттар қолданылатын болады

03.07.2020
 

Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) Атқарушы кеңесі Еуразиялық экономикалық комиссияға әріптестік мәртебесін берді. Комиссия Халықаралық валюта қорымен, Дүниежүзілік банкпен, Азия даму банкімен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, сондай-ақ басқа да бірқатар жетекші мемлекетаралық және халықаралық ұйымдармен бір қатарда ДСХҚ әріптесі болды.

ДСХҚ бас хатшысы Дэвид Уолкер ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Жақсылықовқа жолдаған хатта ДСХҚ ақпарат алмасуды және Комиссияның қауымдастықтың қызметіне белсене қатысуын қалайтынын, бұл ЕАЭО елдеріндегі салымдарды сақтандыру механизмдерінің тиімділігін артыруға ықпал ететінін атап көрсеткен.

Өз кезегінде ЕЭК министрі Тимур Жақсылықов әріптестік мәртебесі Комиссия мен қауымдастық арасында қарқынды ақпарат алмасу мүмкіндігін тудыратынын, депозиттерді сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға белсенді түрде қатысуға, таңдаулы халықаралық практикаға сәйкес стандарттар мен ұсынымдар тұжырымдауға және алынған ақпаратты кейіннен заңнаманы үндестіру кезінде пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру кезінде Одақтың бүкіл кеңістігіндегі салымшылардың, кредиторлардың және банктер тараптастарының мүдделерін тең қорғауды қамтамасыз ету маңызды. Салымдарды сақтандырудың тиімді жұмыс істейтін жүйесі болмаса, осы саладағы заңнама үндестірілмесе, ортақ қаржы нарығы мүмкін емес. Бұл мəселелер мұқият пысықтауды талап етеді», – деп мәлімдеді Тимур Жақсылықов.

 Анықтама

Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы 2002 жылғы 6 мамырда Швейцария заңнамасына сәйкес коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды.

ДСХҚ ХВҚ халықаралық қаржы стандарттарын әзірлеушілер тізіліміне кіреді. ХВҚ мен Халықаралық есеп айырысу банкінің басшылығымен банк жүйелерінің тұрақтылығын нығайту, банктерді қаржылық сауықтыру және депозиттерді сақтандыру бөлігінде жұмыс стандарттарын енгізеді және жетілдіреді. Құрылу нысаны бойынша бұл ұйым Халықаралық есеп айырысу банкі жанынан құрылған, мүшелігіне орталық/ұлттық банктер, бейінді мемлекеттік ведомстволар, мемлекеттік қорлар, банк жүйелерін сауықтыру және депозиттерді сақтандыру саласын реттейтін корпорациялар мен агенттіктер кіретін халықаралық қауымдастық болып табылады.

Ассоциацияның міндеттері депозиттерді сақтандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы қаржы жүйелерінің тұрақтылығын қолдау, депозиттерді сақтандыру жүйелерін қалыптастыру саласындағы таңдаулы әлемдік практиканы тарату, сондай-ақ депозиттердің сақтандырушылары мен басқа да мүдделі тараптар арасындағы халықаралық байланысуларды көтермелеу болып табылады.​