Жүйеге кіру
ЕАЭО-да мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларының мүддесіне қысым жасайтын субсидиялардың ұсынылуына жол берілмейді

ЕАЭО-да мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларының мүддесіне қысым жасайтын субсидиялардың ұсынылуына жол берілмейді

03.07.2020

ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Дина Ақпанбаева «Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптік субсидиялар туралы» семинарда өнеркәсіптік субсидиялар саласында Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттіктерін іске асыру, оларды сыныптау, олардың ұсынылу қағидалары туралы, сондай-ақ олардың бұзылғаны үшін қолданылатын шаралар жайында айтып берді.

Семинар Ресей Федерациясы субъектілерінің өнеркәсіп саласындағы атқарушы билік органдары басшыларымен жедел кеңес шеңберінде болып өтті. Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі кеңестің ұйымдастырушысы болды.

«Бүгінде Еуразиялық одақта өнеркәсіптік субсидияларды ұсынудың бірыңғай қағидалары қолданылады. Олардың мәні мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларының мүддесіне қысым жасайтын субсидиялардың ұсынылуына жол берілмейді. Бұл үшін ЕАЭО туралы шартқа қол қою кезінде тараптар субсидияларды жол берілетін – адал сауданы бұрмаламайтын, өзіндік ерекшелікті – жекелеген кәсіпорындарға немесе салаларға ұсынылатын және тыйым салынған – әкетілетін және алмастырушы, сондай-ақ ЕАЭО-ның кез келген елінің мүдделеріне елеулі қысым келтіретін субсидиялар деп бөлді. Тараптар тыйым салынған субсидияларды ұсынбау туралы уағдаласты», – деп атап көрсетті Дина Ақпанбаева.

ЕЭК өкілі Комиссияның нақ өнеркәсіптік блогы бірыңғай қағидалардың сақталуын бақылайтынын атап өтті. ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті мүше мемлекеттердің заңнамасына мониторинг және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізіп келеді, қорытындысы бойынша тараптардың ЕАЭО туралы шарттың ережелерін сақтауы туралы есептер дайындалады. Қажет болған кезінде Шартқа сәйкес келмейтін құқықтық актілердің нормаларын түзету туралы хабарлама қабылданады.

Комиссия өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттамаға және 2017 жылғы Ерікті келісу тәртібі туралы келісімге сәйкес қазіргі бар құқықтары мен міндеттемелерін дербес түсіндірді.

Дина Ақпанбаева осы күнгі экономикалық турбуленттілік сәттерінде Ерікті келісу мәселелері бойынша келісім ұсынатын жаңа мүмкіндіктер ЕАЭО мемлекеттеріне өз өндірістерін дамытуды бір бірінің экономикалық мүдделерін бұзбай үлкен ауқымда және ұзақ мерзімді перспективада инвестициялауға мүмкіндік беретінін де атап көрсетті.

Мәселен, Келісім ережелері тараптардың өзіндік ерекшелікті субсидияларды Комиссиямен ерікті келісу құқығын көздейді. Бұл механизмге сай Комиссия өзіндік ерекшелікті субсидияны оның жол беру немесе жол бермеу критерийлеріне сәйкестігін талдау негізінде ұсынуды келісу туралы шешім қабылдайтын болады.

«Бұл ретте Комиссияның келісуін алған мүше мемлекет ЕАЭО міндеттемелеріне сәйкес келмейтін субсидияларды қолдану тәуекелінен сақтандырылған болады және сол себептен Одақтың кез келген мемлекеті тарапынан ЕЭК-пен келісілген субсидияны алушыға қатысты кейіннен өтемақылық шаралар енгізілуінен қорғалады», – деді Департамент директорынынң орынбасары.

Сондай-ақ Одақ бойынша әріптес елдерде субсидияларды ұсынуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер мен олардың жобаларының ЕАЭО туралы шартқа сәйкестігіне қатысты бұларға салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу үшін Комиссияға жүгіну мүмкіндігі пайда болды.

«Комиссия жүргізген талдау нәтижелерін есепке алу тараптарға өз аумағында өнеркәсіпті құруға әрі дамытуға бағытталған және сонымен бір мезгілде Шарт ережелеріне сай келетін, яғни тараптардың өндірісшілері арасындағы бәсекелестікті бұзбайтын әрі кооперацияға ықпал ететін субсидиялау туралы актілер қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Дина Ақпанбаева.​