Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы жарық шығаратын диодты шамдардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарын ұлғайтты, ҚХР мен Украинада шығарылатын мырышталған прокатқа әрі ҚХР-да шығарылатын жіксіз құбырларға қатысты демпингке қарсы баж енгізді

ЕЭК Алқасы жарық шығаратын диодты шамдардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарын ұлғайтты, ҚХР мен Украинада шығарылатын мырышталған прокатқа әрі ҚХР-да шығарылатын жіксіз құбырларға қатысты демпингке қарсы баж енгізді

03.12.2019

3 желтоқсан күні Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы интеграция, макроэкономика, сауда, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, техникалық, кедендік реттеу салаларындағы және бірқатар мәселелерді қарады.

ЕЭК Алқасы жарық шығаратын диодты шамдардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарының ставкаларын көтерді.

2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін филаментті және қосцокольді жарықдиодты шамдардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік құнның 5%-ы мөлшерінде кедендік әкелу бажының ставкасын қолдану көзделді. Басқа жарықдиодты шамдарға қатысты ставка бұрынғыдай - кедендік құнның 0% болып қалады.

Бұл шара отандық өндірушілерді қолдайды және жарықдиодты шамдардың импортын ЕАЭО елдерінің кәсіпорындары өндірген өнімдермен алмастыруды қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ бұрын ЕЭК Кеңесінің өкімі бойынша құрылған Еуразиялық жарықдиодты технологиялық платформаның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады.

ҚХР мен Украинада шығарылатын мырышталған прокатты өндірушілер үшін кедендік құнның 12,69%-дан 23,9%-ға дейінгі мөлшерінде бес жылға демпингке қарсы баждар енгізілді.

ЕЭК ЕАЭО аумағына әкелінетін ҚХР мен Украинада шығарылатын мырышталған прокатқа қатысты демпингке қарсы тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша демпинг импортының бар болуы анықталды. Одақ нарығындағы және экспорттаушы мемлекеттегі тауар құны арасындағы айырмашылық (демпинг маржасы) әртүрлі қытайлық компанияларға қатысты 12,69%-дан 17%-ға дейін құрады. Украиналық өндірушілерге қатысты бұл - 23,9%. ҚХР және Украина кәсіпкерлерінің мұндай баға саясаты ЕАЭО елдерінің әзірлеушілерін теріс салдарға соқтыруда.

Демпингке қарсы шараны қолдану ЕАЭО кәсіпорындарының экономикасына оң әсер етеді. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

ЕЭК Алқасы ҚХР-да шығарылатын, ЕАЭО-ға әкелінетін көлденең қималы дөңгелек жіксіз құбырларға қатысты кедендік құнның 15,5%-ы мөлшерінде бес жылға демпингке қарсы баж белгіледі.

Сөз Қытай Халық Республикасында шығарылатын және белгілі бір кодтармен сыныпталатын ыстық деформация әдісімен дайындалған, сыртқы диаметрі 650 мм-ге дейінгі коррозияға төзімді болаттан жасалған құбырлар туралы болып отыр.

Одақ елдерінің мемлекеттік кеден органдарына ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің Тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) кодтарын, сондай-ақ тауардың атауын басшылыққа ала отырып, демпингке қарсы баж алуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Кедендік декларацияны беру Одақтың «Жеке қорғану құралдарының қауіпсіздігі туралы» техрегламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау туралы құжатты ұсынумен бірге жүретін өнімдердің тізбесі «Қолды судан және улы емес заттардан жеке қорғау құралдары» және «Аяқты судан және улы емес заттардың ерітінділерінен жеке қорғау құралдары» кіші бөлімдерімен толықтырылды. Мұндай құралдардың арасында, мысалы, полимерлік материалдардан жасалған арнайы резеңке қалыптық немесе құйма биялайлар, қолғаптар және етіктер бар. Тізбеден басқа – «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техрегламент қолданылатын мотоциклдер мен мопедтердің жүргізушілері мен жолаушыларына арналған қорғаныш шлемдері алынып тасталды. Есту органдарын жеке қорғау құралдары үшін кеден органдарына сәйкестік туралы декларацияны емес, сәйкестік сертификатын ұсыну қажет болады.

ЕЭК Алқасы Одақтың «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізді.

Өзгерістермен ИСО, ХЭК және EN халықаралық стандарттары негізінде жеті мемлекетаралық стандарт әзірлеу көзделген. Соның ішінде ойыншық арналған баланың ең кіші жасын айқындаудың ұсынылатын критерийлерін көрсету жоспарланып отырған жаңа «Жасты анықтау жөніндегі басшылыққа алатын нұсқаулар» мемлекетаралық стандарты бар.

ЕЭК Алқасы Одақтың «Шағын өлшемді кемелердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне стандарттар тізбесін өзектілендірді.

Тізбеге бұрынғы ISO халықаралық стандарттарының орнына мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі бағдарламаға сәйкес дайындалған мемлекетаралық стандарттар енгізілді.

ЕАЭО-ға үшінші елдерден әкелінетін бақылаудағы тауарларға арналған бірыңғай ветеринариялық сертификаттар нысанына өзгерістер енгізілді.

Енді әкелінетін малдардың бор кемік тәрізді ми дерттері бойынша қолайсыз елдердің малымен генетикалық байланысты емес екенін растаудың қажеті жоқ.

Ветеринариялық сертификат нысанын өзектілендіру ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлар саудасын жеңілдетуге және ЕАЭО нормативтік құқықтық актілерін халықаралық ұсынымдармен үндестіруге ықпал етеді.

Бұрын дайындалған ветеринариялық сертификаттарды 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін пайдалануға жол беріледі.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО елдеріне жеке қосымшада көрсетілген өзгерістерді ескере отырып, ЕАЭО СЭҚ ТН түсіндірмелерді қолдануға ұсыным жасады. Бұл құжат әртүрлі тауар топтары бойынша: құрамында конденсацияланбаған триазинді сақина (гидрирленген немесе гидрирленбеген) бар психотроптық заттар мен қосылыстардан бастап балық пен шаян тәрізділерге дейінгі нақтылайтын ақпаратты қамтиды. Мысалы, өңдеу тәсіліне байланысты балықтар мен шаян тәрізділердің тауарлардың қандай кіші тобына жатқызылатыны нақтыланады.

ЕЭК Алқасы «твист-офф» типті металл қақпақтар өндірісі жөніндегі желіні ЕАЭО СЭҚ ТН 8462 тауар позициясында сыныптады.

Желі қақпақтың дайындамасын қалыптау, оның жиектерін байлау және қысу, бұрандалы шығыңқыларды қалыптау, пластизольді құю және бөлу, кептіру, дайын қақпақтарды есептеу және салу бойынша бірқатар дәйекті операцияларды орындауға мүмкіндік береді.

Шикі резеңке қоспасын дайындауға арналған технологиялық желі ЕАЭО СЭҚ ТН 8420 тауар позициясында сыныпталды.

Желі белгілі бір құрылғылар, агрегаттар, таспалы тасымалдағыштармен жалғанған механизмдер болып табылады. Ол өнеркәсіптік ауқымда шикі резеңке қоспасын дайындауға арналған.​