Жүйеге кіру
2 ақпандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қорытындылары

2 ақпандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қорытындылары

04.02.2018

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде таңбалау жүйесін ендіру және  Одақтың келісілген цифрлық саясатын іске асыру механизмдерін қалыптастыру Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы)  өткен 2018 жылғы бірінші отырысының негізгі тақырыптары болды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшыларына Одақ елдеріндегі макроэкономикалық ахуал және өзара сауданың жай-күйі туралы баяндама, сондай-ақ мүше мемлекеттердің агроөнеркісіптік кешенін дамыту болжамдары ұсынылды.

Үкіметаралық кеңестің отырысына Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының  Премьер-министрі Андрей Кобяков, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сапар Исаков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев және  ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО мемлекеттері экономикаларының өсуі Одақтың әлеуетін және оның ЕАЭО елдері үшін маңызды екенін айғақтайтынын атап өтті. «Біз Одақтың ағымдағы және одан әрі дамуымен байланысты бірқатар маңызды құжаттар қабылдадық,- деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.- ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі бұған дәлел бола алады. Сөйтіп, кедендік рәсімдерден жылдамдатылған өту жағдайлары жасалды.Биылғы жыл өзекті мәселелерді және біздің интеграциялық бірлестігіміздің жұмыс істеуімен байланысты жаңа бастамаларды іске асырудың орнықты жылы болады деп бағамдаймын».

Қазақстан Үкіметінің басшысы жыл қорытындысын бағалай келіп, жалпы әлемдік экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, республикада ЕАЭО шеңберінде тауар айналымы артуының оң динамикасын сақтауға қол жеткізілді, ол өткен жылмен салыстырғанда 31% өсті деп мәлімдеді.

Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян бірлескен ілгерілеу экономиканы орнықты дамытуды қамтамасыз етумен бір арнада болатын қызметтер бағытын шоғырландыру қажеттігіне айрықша назар аударды. «Ортақ нарықтағы әлі де бар кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарды нақты назарда ұстау, салауатты бәсекелестік пен логистикалық және көліктік-коммуникациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың бірыңғай қағидалары жағдайында бизнес жүргізу үшін қажетті алғышарттарды қамтамасыз ету маңызды», - деп сенеді Армения Үкіметінің басшысы.

Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков «қазіргі бар ЕАЭО-ны іштей «баптай түсу», мүше мемлекеттердің одақтың нормалары мен өздеріне алған міндеттемелерін тегіс қамти отырып және сөзсіз орындауды қамтамасыз етуі қажеттігін» атап көрсетті. Бұдан басқа, Андрей Кобяков ұлттық мүдделерді  ескерудің, сол немесе өзге нақты тауарларға таңбалау енгізу туралы шешімдер қабылдаған кезде мүше мемлекеттер мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің мүдделері арасындағы оңтайлы теңгерімнің маңыздылығын атап өтті.

Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сапар Исаков Одақтың зор әлеуетін және Еуразиялық «бестік» елдерінің экономикалық өсу мүмкіндігін ерекше айтып өтті. Оның пікірінше, өнеркәсіптегі кооперациялық процестерді ынталандыру,  бірлескен кәсіпорындар құру, салауатты бәсекелестік ортаны дамыту және іскерлік климатты жақсартуға ықпал еткен маңызды.

ЕАЭО Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің төрағасы, РФ Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев өз кезегінде, Ресей тарапы 2018 жылы Одақ органдарына төрағалық етуі шеңберінде ерекше назар аударатын алдағы жұмыс бағыттарына айрықша назар аударды.

«Одақ алдында тұрған стратегиялық міндеттер бойынша жұмыстарды орындау маңызды. Бұл үшін біздің нарығымызда әлі де қалып отырған кедергілер мен шектеулерді жоюмен айналысуға тура келеді,- деді Ресей Үкіметінің басшысы.- Сайып келгенде, өзара тиімді бірлескен жобаларға қол жеткізіп, жоғары технологиялық өнім жасауға көшу үшін нысаналы әрі дәйекті түрде интеграцияның ішкі контурын дамыту, тауарлар мен қызметтер көрсетудің бірыңғай нарықтарын қалыптастыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында келісілген саясат жүргізу, импортты алмастыру саясатын түзу қажет».

Дмитрий Медведев жұмысты жаңа бастамалармен толықтыруды ұсынды: «Өзіміздің меншікті цифрлық платформаларымыз бен меншікті инфрақұрылым қажет, бұл ретте біз бірыңғай стандарттарды пайдалана отырып, бірлесіп іс-қимыл жасауға тиіспіз. Айтылып жүргендей, сөз бақылап отыру, электрондық коммерцияны дамыту, бірыңғай стандарттарға көшу, көлікте, өнеркәсіпте және кеден ісінде IT-технологияларды ендіру жайында болып отыр. Біздің ұлттық ұсыныстарымызды шоғырландыру қажет».

ЕАЭО цифрлық күн тәртібін бірлесіп іске асыру механизмдері туралы пікірсайыс барысында үкіметтер басшылары «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумының жалпы сессиясында басталған әңгімені жалғастыра отырып,  табысқа жетудің маңызды шарттарының бірі Одақ елдерінің келісілген саясаты болып табылады деп келісті. Цифрлық ортада сәйкестендірілген заңнама қалыптастыру, интеграциялық платформаларды дамытып, олардың ЕАЭО экономикасындағы рөлін күшейту қажет, цифрлық қайта өзгертулер үшін, соның ішінде техникалық регламенттер мен стандарттау жүйелерін жетілдіру арқылы ынталандыру жасау қажет.Алға басудың байсалды қадамы цифрлық трансформацияның болып жатқан процестері мен оларды талдау туралы білімдер базасын жинақтау үшін бірыңғай алаң құру болады.

Премьер-министрлер ЕЭК-ке Комиссия ұсынған мүше мемлекеттер экономикаларының цифрлық трансформациясы кезінде келісілген саясатты іске асыру механизмдерін Одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп  пысықтауды тапсырды.

Үкіметаралық кеңес мүшелері ЕАЭО-дағы тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қойды.

Құжат Одақ шеңберінде сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып тауарларды таңбалаудың бірыңғай жүйесін құруға бағдарланған, ол туралы ақпарат бірыңғай тізілімге енгізіледі. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу Комиссияға бекітіп берілген.

Келісімді іске асыру бәсекелестіктің тең шарттарын қамтамасыз ету үшін бақылап отыру қағидатын қолдануға, тауарлардың сапасын арттыруға және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сұрқай нарыққа және контрафактілік тауарларға қарсы тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік береді.Оны іске асыру ЕАЭО аумағындағы тауар ағындарының ашықтығы мен салықтар жинамдылығының өсуіне ықпал ететін болады. Жүйені ендірудің және сәйкестендірудің қазіргі заманғы әдістерін қолданудың маңызды қорытындысы тауар ағындарын цифрлау және Одақ елдеріндегі көлік-логистика инфрақұрылымын  жаңғырту болады.

Ұлттық үкіметтердің еңбекшілерге зейнетақы тағайындауға және төлеуге жауапты органдары мен Комиссия арасындағы өзара іс-қимыл тәртібінің жобасын әзірлеу туралы өкім қабылданды. Мұндай өзара іс-қимыл Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылатын болады деп жоспарлануда. Одақ үкіметтерінің басшылары интеграциялық процестерді одан әрі дамыту және еңбекке жұмылғыштығын арттыру үшін ЕАЭО мүше мемлекеттерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың маңызын атап көрсетті. Шарт жобасы 2018 жылдың аяғына дейін әзірленетін болады деп бағамдалуда.

Үкімет басшылары Одақ елдеріндегі макроэкономикалық ахуал және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданың жай-күйі туралы баяндамалардың тұжырымдарын талқылады. 

Барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша іс жүзінде оң динамика байқалуда деп атап өтілді. Сөйтіп, Одақ елдерінің экономикалары қалпына келу сатысына ауысты деп айтуға болады.Сонымен бірге, бұл процестің жылдамдығы ішкі сұранысты қолдаудың және фискалдық саясаттың ынталандырушы шараларын іске асыру мүмкіндіктерінің әртүрлі масштабтарына қарай айырмашылықты. 

Одақ қызметінің нәтижесінде интеграциялық бірлестіктің қатысушы елдері арасындағы өзара сауда көлемі 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,9% артты және  38,9 млрд АҚШ долларын құрады. Көрсеткіштердің елеулі өсімін Одақтың барлық елі атап өтті. Еуразиялық интеграциялық бірлестік шеңберінде тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарықтарын одан әрі сапалы дамыту көлемдердің артуына және ЕАЭО өзара саудасы тауар құрылымының әртараптандырылуына ықпал ететін болады.

Үкіметаралық кеңес мүшелері Одақ елдерінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болжамдарын мақұлдады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшығы, тері-терсек, мақта талшығы және жүн бойынша сұраныс пен ұсыныстың 2017–2018 жылдарға арналған теңгерімін мақұлдады.

2018 жылы ЕАЭО-дағы егіс алқабы 110,6 млн га дейін өседі деп күтілуде, бұл 2015 жылдан 2,5% артық. Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 778,7 мың га, ал көкөніс–  71,6 мың га арттырылады. Бұдан басқа мал шаруашылығында мал басы, құс шаруашылығында құс саны өседі деп болжамдануда.

Агроөнеркәсіптік кешеннің сан және сапа көрсеткіштерінің өсуі үшінші елдерге ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 24,2 млрд АҚШ долл.дейін өсіруге мүмкіндік береді. Осымен бір мезгілде импортты 10%,  26,0 млрд АҚШ долл.дейін қысқарту болжамдануда.

Өнеркәсіптік салада мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереже бекітілді.

Құжат Еуразиялық технологиялық платформаларды қаржыландырудың базалық қағидаттарын айқындайды және мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру рәсімін регламенттейді. Бүгінде қолданыстағы 12 Еуразиялық технологиялық платформа шеңберінде 140-қа тарта жоба әзірленді. Олардың кейбіреулері таяу уақытта іске асырылуы да мүмкін.

Қарыз алудың әртүрлі көздерін пайдалануға мүмкіндік беретін, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат тартуды, соның ішінде жекеше және  институционалдық инвесторлардан тартуды ынталандыратын қаржыландырудың икемді механизмі көзделген.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы осы жылғы сәуірде Ресей Федерациясында болады.