Жүйеге кіру
ЕАЭО-да шекара арқылы ақша алып өтудің жаңа қағидалары қолданыла бастады

ЕАЭО-да шекара арқылы ақша алып өтудің жаңа қағидалары қолданыла бастады

04.02.2020

4 ақпанда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы ақша алып өтудің жаңа ережелері күшіне енді. Енді бір жеке тұлғаның біржолғы тасымалдауы 100 мың АҚШ долларынан асатын болса, оның сол қолма-қол ақша қаражатының шығуын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет болады. Және оларды кедендік декларациямен бірге тапсыруға міндетті. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 6 тамыздағы № 130 тиісті шешімінен шығып отыр.

Шешім ЕАЭО Кеден кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және Ақшаны жылыстатумен күресудің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) 32-«Қолма-қол ақша курьерлері» ұсынымын іске асыруға бағытталған.

Ұсыным ФАТФ-қа қатысушы елдердің терроризмді қаржыландыру немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) үшін пайдаланылуы мүмкін ұсынушыға арналған шекара арқылы нақты өткізілетін қолма-қол ақша қаражатын және айналым құралдарын анықтау және тоқтату (ұстау) жөніндегі шараларды қамтамасыз ету үшін әзірленді.

Ұсынылатын құжаттар жолаушылардың кедендік декларациясында мәлімделген қолма-қол ақшаның және (немесе) ақша құралдарының шығу тегі туралы мәліметтерді растауға тиіс. Бұл, мысалы, конверсиялық операцияларды жасау, шоттан ақша қаражатын алу, кредит алу және басқалар кезінде кредиттік ұйымдар ресімдейтін құжаттар, азаматтық-құқықтық мәмілелердің жасалғанын растайтын құжаттар (мұра, сыйға тарту және т.б.) болуы мүмкін.

Тиісті құжаттар ұсынылмаған жағдайда ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуге жол берілмейді.​