Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО-да каботаждық автомобиль тасымалдарын ырықтандыру бағдарламасын орындауды тездетуді ұсынды

ЕЭК ЕАЭО-да каботаждық автомобиль тасымалдарын ырықтандыру бағдарламасын орындауды тездетуді ұсынды

04.03.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде каботаждық автомобиль жүк тасымалын ырықтандыру бағдарламасын іске асыруды қарады.

Отырыста бағдарламаны іске асыру үшін қажетті іс-шаралар ЕАЭО-ның барлық мемлекетінде өз мерзімінде өткізілмегені атап өтілді. Мәселен, Беларусь бағдарламаның үшінші кезеңін іске асыруға кірісті: биылғы қаңтарда оның аумағында бірнеше каботаждық тасымал жасалды. Армения мен Қырғызстан үшінші кезеңді іске қосуға дайын екендігі туралы мәлімдеді. Ресей өз аумағында Одақтың басқа елдерінің тасымалдаушыларына каботаждық тасымалдарды жасауға мүмкіндік беретін өзгерістерді заңнамаға енгізген жоқ.

Бағдарламаның түйінді міндеті - бос жүрісті қысқарту, жүк автомобиль көлігі қызметтерін көрсету тұтынушыларының көлік шығындарын азайту. Бастапқыда каботаждық тасымалдарды ырықтандыру бағдарламасы Беларусь, Ресей және Армения арасында келісілген болатын, оған бұдан кейін Қырғызстан қосылды. Қазақстан бағдарламаға 2025 жылдан бастап қатысатын болады. Бағдарламаны ЕАЭО елдерінің президенттері 2015 жылғы мамырда бекітті. Ол 2016 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықтағы кезеңге есептелген және бірнеше кезеңнен тұрады.

Бағдарламаның орындалу барысы туралы мәселе Комиссияның Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитетінде және Одақ мемлекеттерінің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесінде, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және Одақ мемлекеттері басшыларының отырыстарында бірнеше мәрте қаралды, олардың қорытындысы бойынша Одақ елдерінде бағдарламаны іске асыруды бастау үшін қажетті шараларды қабылдауды тездету қажеттігі атап өтілді.

Мәселені ЕЭК Кеңесінде және ЕАЭО-ға мүше елдер басшыларының саммитінде қарау жоспарланып отыр.​