Жүйеге кіру
ЕАДБ ЕАЭО-дағы импорт алмастыру жөніндегі бірыңғай жобаларды қаржыландыруға қатысуды қарауға дайын

ЕАДБ ЕАЭО-дағы импорт алмастыру жөніндегі бірыңғай жобаларды қаржыландыруға қатысуды қарауға дайын

04.06.2020

Еуразиялық даму банкі Еуразиялық экономикалық одақтағы импорт алмастыру жөніндегі жобаларды қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін қарауға дайын. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян мен Банк Басқармасының төрағасы Андрей Бельяниновтың жұмыс кездесуі барысында сөз болды.

 ЕЭК пен ЕАДБ-ның стратегиялық мақсаттары көп ретте сәйкес келеді: жұмыс Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді дамытуға және мемлекеттердің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2020 жылғы 10 сәуірдегі өкімін, онда Банкке коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында одақтық жобаларды қолдаудағы өз қызметін қарқынды ете түсу ұсынылғанын ескере келгенде, әсіресе өзекті болып отыр.

 «Өнеркәсіптегі күшті интеграциялық нәтижесі бар, қосылған құны жоғары өнім жасауды көздейтін ірі кооперациялық жобалар түйінді рөл атқаруға тиіс», - деп атап көрсетті Артак Камалян.

 «Одақтың Индустрияландыру картасы мен Агроиндустрияландыру картасында неғұрлым перспективалы кооперациялық жобалардың тізбесі ұсынылған. Бірлескен жобаларды іске асыру ЕАЭО аумағында қосарласатын өндірістерді болдырмауға мүмкіндік береді және жобаларды инвестициялаудағы тәуекелге баруды жояды», - деп атап өтті министр.

 «Еуразиялық даму банкі ЕЭК ұсынатын жобаларды кейіннен оларды қаржыландыру мақсатында қарауға дайын. Бүгінде біздің ағымдағы инвестициялық портфеліміздегі өнеркәсіптің үлесі 22%-ға жуық. Бұл жерде өсу мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін. Сондықтан ЕЭК-пен осы бағыттағы бірлескен жұмыс өте-мөте өзекті», - деді Андрей Бельянинов.

 Ол Еуразиялық даму банкінің қаржыландыруы үшін жобаларды іріктеу кезіндегі маңызды критерий оларды іске асыру кезінде туындайтын интеграциялық нәтиже болып табылатынын атап өтті.

 ЕАДБ-мен ынтымақтастықтың басқа бағыты ақпараттық-талдау жұмысы бола алады. Банк Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптің дамуына шолу жасауды дайындауға және жекелеген басым салаларды талдауға қатысу ұсынысын қарайды.

 Бұдан басқа, кездесуде ЕАДБ-ны коммерциялық банктермен қатар мемлекеттер мен ұлттық даму институттарын қолдаудың салалық бағдарламаларына кірістіру мәселесі қозғалды. Тараптар бұл мәселені одақтық елдердің Өнеркәсіп министрлері деңгейіндегі ЕАЭО өнеркәсіптік саясат кеңесі аясында талқылауға уағдаласты.

Анықтама

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың орнықты экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуіне жәрдемдесу мақсатында 2006 жылғы қаңтарда Ресей мен Қазақстан құрған халықаралық қаржы ұйымы болып табылады. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы Банктің қатысушы мемлекеттері болып табылады.​