Жүйеге кіру
ЕЭК-те зияткерлік меншік саласындағы қызметтің проблемалы мәселелері мен перспективалы бағыттарын талқылады

ЕЭК-те зияткерлік меншік саласындағы қызметтің проблемалы мәселелері мен перспективалы бағыттарын талқылады

04.04.2016

31 наурызда Бішкекте Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитеттің жетінші отырысы барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің өкілдері зияткерлік меншік саласындағы халықаралық шарттардың жобаларын келісудің проблемалы мәселелерін, ЕАЭО аумағында контрафактілік өнімнің таралуына қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру тетіктерін жасау бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ Консультативтік комитеттің жанында сараптамалық топ құру қажеттілігін талқылады.

Отырысқа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастықтарынан Консультативтік комитеттің мүшелері, Комиссия қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар зияткерлік меншік саласындағы бірқатар халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу кезінде туындайтын проблемалы мәселелерді:

- Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және ЕАЭО тауарлары шығарылған жердің атаулары туралы шартты,

- Ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісімді,

-                   2010 жылғы 21 мамырдағы Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы талқылады.

Консультативтік комитеттің отырысында ЕАЭО мемлекеттерінің тауар белгісіне айрықша құқықты пайдаланып болу қағидатын қолдануға қатысты ұстанымдары талқыланды.

Бұдан басқа, мүше мемлекеттердің аумағында контрафактілік және заңсыз өнімнің таралуына қарсы іс-қимыл саласында үйлестіру тетіктерін құру қажеттілігі туралы ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ, Консультативтік комитеттің мүшелері «Антиконтрафакт» халықаралық форумы туралы ереженің жобасын талқылады.

Консультативтік комитеттің отырысында ЕАЭО мемлекеттерінде телебағдарламалардың міндетті жалпыға қолжетімді топтамаларын шығарған және таратқан кезде  музыкалық туындыларды қолданғаны үшін авторлық сыйақы төлеу тәртібі туралы мәселе қаралды.

Талқылау барысында Консультативтік комитеттің мүшелері мақсаты мемлекеттік органдарды ғана емес, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық, ғылыми, қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, сараптамалық пысықтауды қажет ететін анағұрлым өзекті проблемалы мәселелер бойынша Консультативтік комитетке ұсынымдар әзірлеу және консультациялар өткізу болып табылатын, Консультативтік комитеттің жанында сараптамалық топ құру қажеттілігі туралы пікірге келді.

Консультативтік комитет отырысының қорытындысы бойынша тұжырымдалып әзірленген ұсыныстар мен ұсынымдар Комиссияға ЕАЭО мемлекеттерімен бірлесіп зияткерлік меншік саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Анықтама

Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитет Комиссия Алқасының 2012 жылғы 25 қыркүйектегі №172 шешімімен құрылды.

Комитеттің негізгі міндеттері Комиссия Алқасы үшін зияткерлік меншік саласында ұсыныстарды тұжырымдап әзірлеу, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің өкілдерімен консультациялар өткізу болып табылады. Комитеттің төрағасы ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменов болып табылады. Комитеттің құрамына ЕАЭО мемлекеттері министрліктерінің және ведомстволарының басшылары мен басшыларының орынбасарлары және бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері кіреді.

Комитет құрылған сәттен бастап Комиссия Алқасының зияткерлік меншік саласындағы жұмысы үшін, атап айтқанда, халықаралық шарттарды әзірлеу бойынша ұсыныстар тұжырымдалып әзірленді.