Жүйеге кіру
ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев: «Бүгінгі дағдарыстан негізгі сауда әріптестеріміз – Қытаймен және Еуропамен бірге шығуымыз керек»

ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев: «Бүгінгі дағдарыстан негізгі сауда әріптестеріміз – Қытаймен және Еуропамен бірге шығуымыз керек»

05.06.2020

Әлемдік сауданың құлдырауына, сұраныстың нашарлауына, тәуекелдердің артуына, сондай-ақ қолдампаздықтың күшеюіне қарамастан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалары үшін жаңа мүмкіндіктер де ашылуда. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев 5 маусымда «Ресейдің жаһандық айқынсыздық жағдайларындағы экспорттық стратегиясы: іскерлік бірлестіктердің, даму институттарының және билік органдарының рөлі» халықаралық форумында айтып берді. Форум «Ресей бизнесі аптасы – 2020» шеңберінде бейнеконференция форматында өтті. Іс-шараны Экспортты қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің қамқоршылығымен Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы (РӨКО) ұйымдастырды.

 «Жағдаят қуанышқа балаудан алыс. Сыртқы сауданың құлдырауы тездей түсуде. Жыл қорытындысы бойынша үшінші елдермен сауда 2,7% қысқарды, 2020 жылғы І тоқсандағы төмендеу 8,8% құрады. Ішкі сауда да ұтылысты, алайда шикізаттық емес бейэнергетикалық тауарлар саудасы керісінше оң серпін (+2,8%) көрсетті», - деп мәлімдеді Андрей Слепнев.

 Осымен бірге, министр оң үрдістерді: коронавирус таралуының екінші толқынынан сақтандыру үшін көптеген елдің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы саясатына байланысты басы артық қорлардың жаһандық өсуін атап өтті. Бұл тұрғыда Одақ үшін ашылатын тауашаны құр жіберіп алмаған маңызды. «Аграрлық азық-түлік өнімі мен номенклатурасы бойынша сауданың өсуі екі таңбалы санды құрайды. Бұл жақсы және біздің осы нарықта орнығатынымызды білдіреді», - деп атап көрсетті Андрей Слепнев. Қазір Қытайға агропоездар жіберуге, рефрижераторлық жүктер тасымалына қатысты елеулі жобалар бар. Процеске Ресей Федерациясынан басқа, Беларусь пен Қазақстан белсене қатысуда.

Министрдің сөзінше, бүгінде көпжақты сауда жүйесі дағдарыста тұруына байланысты өңірлік және екіжақты келісімдер саласында бұдан да жігерлі жұмыс істеу талап етіледі. Қазір Мысырмен және Израильмен келіссөздер жүріп жатыр, Үндістанмен жандандырылып, АСЕАН елдерімен жаңа келіссөздер талқылануда. «Бірақ бұл жердегі түйінді нәрсе, әрине, бизнеспен тікелей диалог құру керектігі. Барлық келіссөз оларды нақты мәмілелерге айырбастау үшін бизнес пен жобалардың нақты мүдделерін түсінумен байланысты болуға тиіс», - деп санайды Андрей Слепнев.

 Министр Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі Үлкен Еуразиялық әріптестік тақырыбын бөлек қозғап өтті. Бүгінгі таңда ЕЭК-те Қытаймен Келісімді іске асыру бойынша диалог түзілу үстінде: тура келесі аптада министрлік деңгейіндегі кезекті байланысулар жоспарланған.

 Бұдан басқа, Комиссия техникалық диалог шеңберінде ЕО-мен жұмысты күшейтті. «Біз дағдарысқа қарсы жоспар шараларын да, техникалық реттеу, инфрақұрылымның, кеденнің және экологияның байланыстылығы мәселелерін де белсенді талқылаймыз. Бізге осы дағдарыстан негізгі сауда әріптестерімізбен – ең алдымен Қытаймен және Еуропамен бірге шығуымыз керек деген бағытты бірден алға қойған өте маңызды», - деп сенім білдірді Андрей Слепнев.

 Сөзін аяқтай келе, министр нақты шешімдер мен шараларды қабылдаудың және іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан басқа, «жаңа механизмдерді ойлап табу керек, өйткені «дауыл» мен тәуекелдер өсіп отырғанда инвесторлар мен экспорттаушылар барлық белсенділік деңгейін сақтап қалады деп бағамдау қиын. Тәуекелдерді біреу өзіне алуы керек». Осы тұрғыда экспортты, бірінші кезекте бірлесіп өндірілген өнімді қолдау жөніндегі жұмысты күшейту, экспорттық қайта сақтандыруды және кредиттік қолдауды дамыту үшін шарыттар жасау қажет. Бұл бағыттағы жұмыс ЕАЭО елдерінің барлық мүдделі құрылымдарымен бірлесе отырып басталды. Жақын арада нақты шешімдерге шығу жоспарлануда.

 Анықтама

2019 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның Еуроодақпен сауда айналымы 327,3 млрд доллар немесе 44,6% құрады. Қытаймен сауда айналымы 132,5 млрд долл. немесе 18,1% деңгейінде болды.​