Жүйеге кіру
ЕЭК сарапшылары қырғыз бизнесі үшін консультациялар өткізді

ЕЭК сарапшылары қырғыз бизнесі үшін консультациялар өткізді

IMG_5315-06-09-18-01-05.JPG
06.09.2018
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блогының мамандары қоғамдық қабылдаудың көшпелі отырысы шеңберінде 6 қыркүйекте Бішкекте (Қырғыз Республикасы) Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік жөніндегі «Ақ кітабын» таныстырды. Бұл басылым ЕАЭО трансшекаралық нарықтарында жұмыс істейтін бизнес-қоғамдастық үшін қолдан түсірмейтін қажет кітап болып табылады. Жинақта қолжетімді нысанда Одақтың ортақ нарықтарындағы бәсекелестікті қорғаудың құқықтық негіздері, әріптестердің бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері нәтижесінде бизнестің құқығы бұзылған жағдайда Комиссияға шағым берудің тәртібі мен негіздері түсіндірілген.
Қырғыз Республикасының кәсіпкерлерімен қоғамдық қабылдау отырысы шеңберіндегі алғашқы кездесу Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік монополияға қарсы реттеу агенттігінің қолдауымен өтті.
ЕЭК-тің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Марат Құсайынов атап көрсеткендей, іскер қоғамдастықпен өзара іс-қимылдың мұндай форматы бизнестің ЕАЭО трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестік саласындағы құқықтары мен жауапкершілігін түсіндірудің тиімді тәсілі болып табылады.
«Біздің мақсатымыз – іскер қоғамдастыққа Одақтағы бәсекелестіктің қағидаларын жеткізу, монополистер немесе бәсекелестікке қарсы келісімдерге қатысушылар құқықтарды бұзған жағдайда, бизнесмендерге өз құқықтарын қорғауды үйрету. Сол себепті біз бизнес өзінің проблемалары туралы тікелей айтуы үшін осы консультациялар мен ашық диалогқа бастамашы болдық», - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Қатысушылар бәсекелестік саласында үстем жағдайды теріс пайдалануға, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салатын ЕАЭО заңнамалық нормаларына, бәсекелестікті шектейтін бәсекелестікке қарсы келісімдерге, экономикалық қызметті үйлестіруге ерекше назар аударды. Отырыста шаруашылық жүргізуші субъектілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға және бәсекелестікті айыппұл төлемей қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ескерту және алдын ала ескерту құралдарын енгізуге қатысты ЕАЭО нормативтік-құқықтық базасының өзгерістері де қаралды.
«Жалпы түсіндіру жұмыстары ғана емес, сонымен бірге жеке-дара консультациялар да маңызды. Егер әріптестерінің бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінен нақты кәсіпкердің ортақ нарықтардағы құқығы бұзылса, біз оған өз құзыретіміз шегінде көмектесуге - құқықтарын түсіндіруге, өтінішті қалай ресімдеуді айтып беруге әзірміз», - деп атап көрсетті ЕЭК Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаева.
ЕЭК Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Алексей Сушкевичтің сөзінше, «өтініш беруші Одақтың трансшекаралық нарықтарындағы өз құқықтарын қорғау үшін ЕАЭО туралы шарттағы Комиссияға жүгінуге қойылатын талаптарды дәл орындауға тиіс. Бұзушылықты тексерудің табысты болуы, оны өткізудің мерзімдері, сондай-ақ бәсекелестік қағидаларының бұзылуы туралы іс жөніндегі түпкілікті шешімнің негізділігі мен әділеттілігі бастапқы берілген ақпараттың дұрыстығы мен толықтығына байланысты болады».
Кездесуге Қырғыз Республика Сауда-өнеркәсіп палатасының, Өнім берушілер (өндірушілер мен дистрибьюторлар) қауымдастығының, Халықаралық іскерлік кеңесінің, сондай-ақ Ernst & Young, «Скай Мобайл», «Кыргызаэронавигация», «Кыргыз почтасы», «Кыргызтелеком» және басқа компаниялардың өкілдері қатысты.
Жыл басынан бері ЕЭК-тің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блогының қоғамдық қабылдауының отырыстары Мәскеуде, Минскіде, Астанада өтті. 2018 жылдың аяғына дейін қоғамдық қабылдаудың көшпелі отырысын Армения Республикасының астанасында өткізу жоспарлануда.