Жүйеге кіру
Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді

Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді

06.10.2016

5 қазанда Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді.

Келісімде ең алдымен сауда баждарын өзара жою туралы сөз болып отыр. Құжатқа сәйкес, Вьетнам тарапының кедендік әкелу баждарын жоюы тауар номенклатурасының 12 пайызын ғана қамтымай отыр, солардың көпшілігі бойынша Одақ елдерінің экспорттық мүддесі жоқ. Оның үстіне, Келісім Вьетнамды мүше мемлекеттердегі жеткізушілер үшін кедендік әкелу баждарын бірден 59%-дан астам позицияға жоюға міндеттейді, ал  кедендік әкелу баждарының тағы 29% мөлшерлемелері 5-10 жылды құрайтын өтпелі кезеңдер ішінде нөлге жеткізілетін болады.

Келісімге сай, Вьетнам Одақ елдерінің экспорттық мүддесі бар көптеген тауарлар үшін нарықты ашады:

- ауыл шаруашылығы секторы: сиыр еті, шошқа еті және құс еті, өңделген ет өнімдері, консервіленген балық, тұқымдар, ұн, сүт өнімдері, ірімшік, өсімдік майы, мал азығы, алкоголь өнімдері;

- өнеркәсіп секторы: асыл тастар, шиналар, асбест, құбырлар, прокат, корабльдер, механикалық жабдықтар, электрондық жабдықтар, автомобильдерге арналған детальдар, болаттан жасалған бұйымдар, ауыл шаруашылығы техникасы, автобустар, жеңіл автокөліктер, жүк көліктері, мұнай өнімдері.

Келісім еркін сауда аймағы шеңберінде тауар айналымы артып, әртараптандырылуы үшін жағдай жасайды.

«Келісім меншікті өнім өндірісінде вьетнамдық компоненттерді пайдаланатын біздің өндірушілер, импорттаушылар үшін тартымды жағдай жасап, тараптар үшін тиімді болып табылады. ЕАЭО-да Вьетнамнан әкелінетін тауарларға салынатын орташа арифметикалық баж мөлшерлемесі 2025 жылға қарай 2%-ға дейін төмендейді. Вьетнам нарығына Одақ елдерінің тауарларының қолжетімді болу жағдайы Вьетнамның еркін сауда бойынша басқа негізгі әріптестеріне қарағанда жаман емес, бұл ЕАЭО өндірушілеріне осы нарықта жақсырақ бәсекелесуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мүше мемлекеттерде біздің ортақ нарығымыз үшін неғұрлым сезімтал болып табылатиын тауарларға баж мөлшерлемелері сақталатын болады. Келісім бізден етке, сүтке, шайға, кофеге, қантқа, құбырларға, ұшақтарға, автомобильдерге баждарды төмендетуді талап етпейді», – деп баса айтты Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Вероника Никишина.

Келісімде жосықсыз бәсекелестікке және импорттың бақылаусыз өсуіне қарсы «сақтандыру» тетіктері де көзделіп отыр. Бірқатар жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен жиһаз үшін Вьетнам белгілі бір жеткізілім көлемін арттырып жіберген жағдайда тарифтік қорғануды енгізуге мүмкіндік беретін триггерлік тетік көзделіп отыр. Егер өтпелі кезең ішінде еркін сауда режимі арқасында өсіп кеткен импорт мүше мемлекеттердің осы саласына залал келтіретін болса, екіжақты қорғану шараларын қолдану да (бірыңғай кедендік тарифтің мөлшерлемесі деңгейінде баждарды бекіту) көзделген. Бүгінде Одақта, қажет болған жағдайда, осындай «сақтандыру» тетіктерін жедел қолдануға мүмкіндік беретін рәсім түзілген.

Құжатта тауарлардың шыққан жерлері мен олардың сақталуын бақылаудың нақты өлшемшарттары жазылып бекітілген. Бұл үшін еркін сауда аймағы елдеріндегі бақылау қызметтерінің арасында әкімшілік, ақпараттық ынтымақтастықтың кешенді тетіктері құрылуда, сондай-ақ верификациялау рәсімдері енгізілуде.

Мұнымен қоса, Келісім зияткерлік меншік объктілеріне құқықтарды қорғау, орнықты даму, электрондық коммерция салаларындағы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы ынтымақтастық шарттарын реттейді; бәсекелестікті қорғаудың бірыңғай қағидаттары белгіленген. 

Келісім қызметтер көрсету саудасы мен инвестициялық ынтымақтастық шарттарына қолданылады. Алайда бұл ережелер тек Ресей мен Вьетнамның арасындағы қарым-қатынастарды қозғайды. Одақтағы басқа елдер кейіннен осы уағдаластықтарға қосыла алады.

Сараптамалық бағалау бойынша, Еуразиялық экономикалық одақтағы экспорттаушыларға арналған баждардағы үнемдеу келісімнің жұмыс істеуінің бірінші жылында шамамен 40 млн. доллар құрауы мүмкін. Барлық өтпелі кезеңдер аяқталғаннан кейін кедендік баждарды жоюдан болатын оң әсер жыл сайын 55-60 млн. долларға жетуге тиіс.