Жүйеге кіру
Көші-қон саясаты жөніндегі консультативтік комитеттің отырысы өткізілді

Көші-қон саясаты жөніндегі консультативтік комитеттің отырысы өткізілді

06.12.2012

4 желтоқсанда Мәскеу қ. Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасына қарасты көші-қон саясаты жөніндегі Консультативтік комитеттің бірінші отырысы өтті. Отырыс Экономика және қаржылық саясат жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменовтың төрағалығымен өтті.

Комитеттің жұмысына Беларусь Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік шекаралық комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және Федералдық көші-қон қызметінің өкілдері қатысты.

Комитеттің отырысында еңбек етуші-мигранттардың Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің аумағында тіркеусіз болу мерзімін 90 тәулікке дейін ұлғайту, сондай-ақ БЭК мемлекеттерінің азаматтары үшін көші-қон картасының күшін жою туралы мәселелер қаралды. 

Отырыстың барысында «Еңбек етуші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы» және «Үшінші мемлекеттерден заңсыз еңбек көші-қонына қарсы әрекет бойынша ынтымақтастық туралы» келісімдерді іске асыру кезеңінде БЭК аумағында көші-қон процестеріне және құқық қолдану тәжірибесіне кешенді талдау жүргізудің қажеттілігі атап өтілді.

Сонымен қатар, отырыстың қатысушылары Белоруссия елі мен Қазақстан арасында аталған мемлекеттердің аумағында осы елдердің азаматтарын көші-қон бақылау органдарында міндетті тіркелуден 30 күнге дейін босату туралы халықаралық шарттарды, сондай-ақ реадмиссия туралы шартты дайындау мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылдады.

Отырыстың қорытындылары бойынша Консультативтік комитеттің төрағасы Тимур Сүлейменов БЭК-ке мүше елдердің мемлекеттік билігінің уәкілетті органдарының өкілдері қатарынан сараптамалық жұмыс тобын құруды ұсынды. «Жұмыс тобының алдына көші-қон саласындағы одан әрі интеграциялау жөніндегі жалпы тәсілдемелерді қалыптастыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу міндеті қойылады. Одақтас мемлекет пен Еуропа одағының осы саладағы тәжірибесін ескере отырып жұмыс істеу керек», - деді Комитет төрағасы.