Жүйеге кіру
Арменияның ЕАЭО-дағы мүшелігінің алғашқы екі жылының қорытындылары шығарылды

Арменияның ЕАЭО-дағы мүшелігінің алғашқы екі жылының қорытындылары шығарылды

06.07.2017

Армения Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қосылғаннан қандай артықшылықтарға ие болғаны және қандай кемшіліктерге тап болғаны, интеграция шеңберіндегі перспективалары мен мүмкіншіліктері, сондай-ақ елдегі цифрлық технологиялардың дамуы 6 шілдеде Ереванда өткен  «Армения Республикасы: Еуразиялық экономикалық одақтағы екі жыл. Алғашқы нәтижелер» дөңгелек үстелі шеңберінде талқыланды

Дөңгелек үстел отырысына Армения Республикасының Вице-Премьер-Министрі, Халықаралық экономикалық интеграция және реформалар министрі Ваче Габриелян, ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Татьяна Валовая, ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Карине Минасян, Арменияның мемлекеттік билік органдарының басшылары, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Чех Республикасы елшіліктерінің, ғылыми және бизнес-қоғамдастықтың  өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат лебізін білдіре отырып, Ваче Габриелян: «Өткен екі жыл көрсеткендей, сыртқы экономикалық күйзелістер мен өңірдегі теріс трендтер болған күннің өзінде Армения Республикасының экспорты арта түсті, импортталатын тауарлардың бағалары төмендеді, ал төлемге қабілеттілік тапшылығы қысқарды. Алайда Арменияның ЕАЭО-ға қосылуынан болған әсерлер туралы кез келген түпкілікті тұжырым асыққандық болған болар еді» - деп атап өтті. Армян үкіметі өкілінің айтуынша, негізгі интеграциялық институттар қалыптасу процесі үстінде, ал қатысушы елдердің экономикалық  жүйелері әлі де кооперацияның анағұрлым оңтайлы түрін таба қойған жоқ.   Алайда қазіргі сәтте интеграциялық бірлестіктің зор әлеуеті анық көрініп отыр.

«Армения Республикасының ЕАЭО-дағы мүшелігінің алғашқы нәтижелері» сессиясында Татьяна Валовая елдің Одаққа қосылуынан болатын әсерлер туралы, атап айтқанда: өнеркәсіптің даму қарқындары бойынша көшбасшылық, жалпы ішкі өнімнің өсуінің және Одақтың бірыңғай нарығына армян өнімдерін жеткізудің арта түсуі жайында айтып берді.

«2016 жылы Армения Республикасының ЕАЭО мемлекеттеріне экспорты 53% пайызға өсті, – деді ЕЭК министрі. – Бұл ел өндіру өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша бірінші орынды иеленді – өткен жылы ол 6,7% деңгейінде тіркелген еді».

2016 жылы үшінші елдерге Арменияның жеткізілімдер өсімі 13% құрады, ал Одақ бойынша бұл көрсеткіштің орташа деңгейі 8,8% құрап отырған кезде, жоғары технологиялық экспорттың үлесі жалпы көлемнің 12% жетті. Армян тауарларының ЕАЭО ішкі нарығына экспорты экспорттың жалпы көлемінде 15,9%-дан 22% дейін көбейді.

Арменияда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 6,5% өсті, бұл 2016 жылы Одақтың ішкі нарығына ел жеткізілімдерін арттыруға мүмкіндік туғызды. 2014 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, экспорт 6% артып, 260,7 млн АҚШ долл. жетті.  Көбінесе жемістер, алкогольді және алкогольсіз сусындар жеткізу арта түсті.

Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6,7% деңгейінде тіркелді, ал 2017 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,2% құрады.

2017 жылдың бірінші тоқсанында өзара сауда көлемі 38,4% пайызға өсіп, 102,5 млн АҚШ долл.жетті, сөйтіп 2014 жылдың деңгейінен 49%, 2015 жылдың деңгейінен үш есе асып түсті.

Армения Республикасы ЖІӨ өсімінің қарқыны бойынша мүше мемлекеттердің арасында жетекші позициялардың бірін иеленіп отыр. 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін республикадағы ЖІӨ әлемдегі, әсіресе Ресей Федерациясындағы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы аясында бірқалыпты тежелгеніне қарамастан, 2017 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, елдің ЖІӨ 6,5% артты.

Дөңгелек үстелдің шеңберінде өткізілген «Армения Республикасы мен ЕАЭО: дамудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары»  сессиясының негізгі тақырыптарының бірі - цифрлық трансформация болды. Сессияның модераторы болған Карине Минасян, оның маңыздылығын атап айта келіп, «Трансформация процесіне белсенді түрде қосылмаған мемлекеттер, таяу жылдары өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын жоғалтуы мүмкін,- деді.- Армения ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту ісінде өте зор қадам жасады,2010 жылдан бері саланың көлемі 4,3 есе өсті – бұл елдің экономикасындағы ең үздік көрсеткіш. Жаһандық нарықта жұмыс істеп жатқан IT-компаниялардың саны 2010 жылдан бері 2,4 есе өсті және 400-ден асып отыр».

Талқылаудың барысында Армения үшін бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың және өнімділікті өсірудің негізгі кепілдерінің бірі нақты сектордың және жаһандық цифрлық трансформация процестеріне барынша қосылып отырған ІТ секторының мүмкіндіктерін біріктіру бола алатыны айтылды.

Карине Минасянның пікірінше, Армения заманауи технологияларды ауыл шаруашылығында қолдану ісінде едәуір ілгеріледі. 2010 жылдан бері жылыжай шаруашылықтарының алаңдары алты есе көбейді, олардың көп бөлігі жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін жоғары технологиялық жабдықпен жарақталған. 

Армения Одақ кеңістігінде тауарлардың қадағалануы мәселелерінде алға шықты. Цифрлық технологиялар өндіріс процесін және өнімдер мен қызметтер көрсетуді жеткізу процесін айқын ете түсуге мүмкіндік туғызады, соның салдарында қадағалаушы органдар мен бизнестің өзара іс-қимылы кеми түседі.

Дөңгелек үстелдің барысында айтылған негізгі тұжырымдарды, ұсынымдар мен ұсыныстарды «Армения Республикасы: Еуразиялық экономикалық одақтағы екі жыл. Алғашқы нәтижелер» баяндамасын дайындау кезінде пайдалану жоспарланып отыр. Баяндама жыл соңында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына ұсынылатын болады.