Жүйеге кіру
ЕЭК өкілі Асқар Кішкембаев БҰҰ ЭСКАТО форумында интеграцияның ЕАЭО-ға қатысушы елдердің экономикаларына ықпалы туралы айтып берді

ЕЭК өкілі Асқар Кішкембаев БҰҰ ЭСКАТО форумында интеграцияның ЕАЭО-ға қатысушы елдердің экономикаларына ықпалы туралы айтып берді

06.04.2016

2016 жылғы 3-5 сәуірде Бангкокта (Таиланд) ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министрі) Хатшылығының басшысы Асқар Кішкембаев бастап барған ЕЭК делегациясы БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ ЭСКАТО) ұйымдастырған Орнықты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты форумына қатысты.

Өзінің сөйлеген сөзінде Асқар Кішкембаев өткен жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясы орнықты даму саласында 17 мақсатты қабылдағанын еске салды. «Бұл жаһандық күн тәртібі, біздің елдеріміздің өркендеуіне арналған іс-қимыл жоспары, – деді ЕЭК-тің өкілі. – Олар кешенді және ажырамас сипатта және орнықты дамудың барлық үш - экономикалық, әлеуметтік және экологиялық компонентінің теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Бұл мақсаттар таяудағы 15 жылда адамзат пен планетамыз үшін зор маңызы бар салалардағы қызметті ынталандыратын болады». Бүгінде Еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестердің көшбасшысы болып отырған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Асқар Кішкембаевтың айтуынша, сол мақсаттарға жету жолын нақты ұстанып келеді.

Асқар Кішкембаев өңірлік интеграция бүгінде мемлекеттердің орнықты дамуының, олардың экономикалық өсу стратегияларын іске асыруының және артып келе жатқан әлеуметтік теңсіздік проблемаларын шешудің аса маңызды факторы болып отырғанын баса айтты. «ЕАЭО жетекші және перспективалы экономикалық орталықтармен сауда-экономикалық қарым-қатынастардың меншікті пулын қалыптастыратын халықаралық аренадағы толық құқылы субъект болып табылады».

Ол 2015 жылғы мамырда ЕАЭО елдері мен Вьетнам Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойғандарын атап өтті. Құжат тауарлардың 90%-ына баждардың нөлге жеткізілуін көздейді, бұл 2020 жылға қарай одақтас мемлекеттер мен Вьетнамның тауар айналымын екі еседен астам арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ЕАЭО мен Израиль, Үндістан, Мысыр арасында еркін сауданы дамыту аймағының перспективалары қаралуда.

«Іске асырылуы біздің елдеріміздің ынтымақтастығын дамытуға септігін тигізетін, 2013 жылы қол қойылған ЕЭК пен БҰҰ ЭСКАТО арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның зор маңызы бар, – деп сеніммен айтты Асқар Кішкембаев. – Сөз жоқ, бірлескен іс-шаралар өткізу өзекті болып табылады, мұнда біз өзара іс-қимылымыздың одан арғы перспективаларын талқылау, елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы аса маңызды басымдықтар бойынша «сағат түзеп» отыру мүмкіндігіне ие боламыз».

ЕЭК өкілі Одақтың мемлекет басшылары 2015 жылғы мамырда ЕАЭО мен ҚХР сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы келісім бойынша келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдағандарын еске салды, оның іске асырылуы Еуразиялық интеграциялық бастама мен Жібек жолының Экономикалық белдеуін ұштастыруға септігін тигізетін болады. Келешекте Еуразиялық экономикалық одақ Еуразиялық құрлықтың Шығысы мен Батысы арасындағы тиімді транзиттік көпір бола алады.

Одақ елдері экономикалық өзара іс-қимыл саласында үлкен жұмыс атқарып жатқандығын атап өтті Асқар Кішкембаев. Атап айтқанда, 2015 жылы Одақ шеңберінде қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын құру ЕАЭО мемлекеттерінің орнықты экономикалық өсуінің маңызды факторы болып табылады. Оның жұмыс істеуі Одақ елдерінің экономикалық, өнеркәсіптік өсуі, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, олардың экономикаларына қосымша инвестициялар тарту, бизнес қызметін жандандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу үшін қуатты серпін бола алады.

Қазіргі уақытта ЕАЭО мемлекеттерінде ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың нормативтік-құқықтық базасы әзірленуде. Оның құрылуы Одақ елдері экономикаларының нақты секторларын инвестициялау, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру үшін бизнесті кредиттеу, капиталдың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету, қоғамдағы іскерлік белсенділікті арттыру, ЕАЭО мемлкеттерінің орнықты экономикалық өсуі үшін аса маңызды тетік болмақ.

«Біздің елдеріміздің арасындағы нақты интеграцияны дамыту азаматтардың еркін орын ауыстыруына жағдайлар жасауды көздейтіні айдан анық, – деді Асқар Кішкембаев. – Осы бағыттағы интеграцияның аса маңызды нәтижелерінің бірі Одақ ішінде жұмыс күшінің орын ауыстыру еркіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызған ортақ еңбек нарығының 2015 жылдан жұмыс істей бастауы болды. Қатысушы елдер мемлекеттерінің азаматтары  үшін тең экономикалық құқықтар жасалды». Осы жетістіктердің іске асырылуы ЕАЭО мемлекеттерінде халықтың жұмыспен қамтылуының өсуіне, жұмыссыздықтың қысқаруына, нәтижесінде Одақ елдерінің орнықты дамуының нысаналы бағдарларына сай келетін өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізетін болады. Еуразиялық экономикалық одақ қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсуіндегі драйвер, олардың қарқынды дамуы үшін «мүмкіндіктер терезесі» ретінде қалыптастып келеді.