Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Иран өзара сауданы жандандырудың мүмкіндіктерін талқылады

ЕАЭО мен Иран өзара сауданы жандандырудың мүмкіндіктерін талқылады

07.07.2020

7 шілдеде ЕАЭО мен Иранның Бірлескен комитетінің бейнеконференция режиміндегі бірінші отырысы болып өтті. Кездесу барысында тараптар Уақытша келісімді іске асырудың және тұтастай алғанда ЕАЭО елдері мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдаятын талқылады.

«Біз Уақытша келісімді толық мәнінде іске қосу және қатысушылардың преференциялар ұсынуы жөнінде барлық рәсімилеу қадамы жүзеге асырылғанын тиянақтадық. Қазір соңғы уақытта өзара саудада қалыптасқан теріс үрдістерді өзгертуге назар аударудамыз. Келісім шеңберіндегі өзара іс-қимыл өсудің катализаторы болуға тиіс және бұл өсім өзара тиімді болуға тиіс», – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі, Бірлескен комитеттің тең төрағасы Андрей Слепнев.

Талқылаудың түйінді тақырыптары сауда мәмілелері бойынша өзара есеп айырысу, кедендік ынтымақтастық, техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қоса, өзара сауданың ағымдағы көрсеткіштері және ЕАЭО елдері мен Иранның экономикалық операторлары арасындағы ынтымақтастықты жандандырудың мүмкін болатын іс-қимылдары болды. Өзара мүдделілік тудыратын мәселелерді бұдан да жітірек талқылау үшін Бірлескен комитет жанынан мамандандырылған сараптамалық жұмыс топтарын қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепнев және Иранның Өнеркәсіп, шахталар және сауда министрінің орынбасары, Иран саудасына жәрдемдесу жөніндегі ұйымның президенті Хамид Задбум тең төрағалары болып табылатын Бірлескен комитет отырысына ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Олег Панкратов, ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов қатысты. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның лауазымды адамдары мен сарапшылары, Иранның және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.

Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісім 2018 жылғы 17 мамырда жасасылды және 2019 жылғы 27 қазанда күшіне енді. Бірлескен комитет ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімнің 1.5-бабына сәйкес түзілді.​