Жүйеге кіру
Нидерланд бизнесмендері ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енгеннен кейін Еуразиялық нарыққа қолжетімділік оңайлайды деп үміттенеді

Нидерланд бизнесмендері ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енгеннен кейін Еуразиялық нарыққа қолжетімділік оңайлайды деп үміттенеді

07.12.2016

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Дмитрий Некрасов Нидерландқа жұмыс сапары кезінде елдің бизнес қоғамдастығын Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексі жобасының халықаралық саудаға жәрдемдесуге алғышарттар жасайтын нормаларымен таныстырды. Бұған кедендік операцияларды оңайлату, автоматтандыру және оңтайландыру есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр.

 

Дмитрий Некрасов ЕАЭО-дағы уәкілетті экономикалық операторлардың (УЭО) жаңа бағдарламасына егжей-тегжейлі тоқталды. Жаңа Кодекс шеңберінде жетілдірілген УЭО институты заңға бағынатын бизнес үшін кедендік операцияларды оңайлату есебінен де, УЭО-ның кеден органдарымен  өзара тығыз іс-қимыл жасауынан тұратын артықшылықтар арқылы да зор мүмкіндіктер көздейді.

 

Жаңа Кодексте басқа елдердің УЭО-ны өзара тануы үшін құқықтық негіз көзделеді, - деп баса айтты Дмитрий Некрасов. – Бұл шетел бизнесі үшін, соның ішінде нидерландық бизнес үшін тиісті халықаралық шарттарды жасасқан кезде ЕАЭО аумағында артықшылықтар алуға әлеуетті мүмкіндіктер тудырады».

 

Нидерланд кәсіпкерлерін УЭО бағдарламасына рұқсат етілген тұлғалардың тізбесі, ЕАЭО аумағы арқылы тауарлар транзитінің ерекшелігі, соның ішінде Еуразиялық және Еуропалық одақтардың транзиттік жүйелерінің ұштасу мүмкіндіктері және т.б. қызықтырды.

 

ЕЭК өкілдері Вехельдегі аса ірі өндірістік және логистикалық кешенде де болып, онда УЭО тауарларына қатысты өндірістік процестердің, қоймаға жинау мен кедендік операцияларды жүргізу ерекшеліктерімен танысты.

 

УЭО бағдарламасына тауарларды жеткізу тізбегінің барлық қатысушыларын – экспорттаушыларды, қойма иелерін, кеден өкілдерін және т.б. тартуға ЕО-да айрықша көңіл бөлінеді деп атап өтілді.

 

«Еуроодақтағы біздің көршілеріміздің мысалында біз УЭО бағдарламасына барлық мүдделі тұлғаларды тарту тауарларды өндіру, қоймаға жинау, логистикалық операциялар жүргізу мен алушыға беру процесінде оларды бақылаудың жоғары деңгейін қалай қамтамасыз етіп отырғанын көріп отырмыз, деді Дмитрий Некрасов. – ЕАЭО Кеден кодексінің жобасында да барлық мүдделі тұлғалардың, соның ішінде қойма иелерінің, тасымалдаушылар мен кеден өкілдерінің УЭО мәртебесін алу әрі оңайлатуларды қолдану мүмкіндігі көзделеді».

 

ЕЭК-тің Нидерландқа сапары басында сонымен қатар «ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі: жаңа сауда мүмкіндіктері» атты семинар ұйымдастырылып, оған Нидерланд бизнесінің 50 астам өкілі, Беларусь, Қазақстан және Ресей елшіліктерінің қызметкерлері қатысты.