Жүйеге кіру
Комиссия тауарларды ЕАС белгісімен таңбалау жөнінде бизнеспен консультациялар өткізді

Комиссия тауарларды ЕАС белгісімен таңбалау жөнінде бизнеспен консультациялар өткізді

08.05.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ЕАЭО кедергілерінің «Ақ кітабына» енгізілген шектеулердің біріне байланысты ахуалды талқылау үшін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мемлекеттік органдарының және бизнес-қоғамдастықтарының өкілдерімен консультациялар өткізді. Сөз Ресей Федерациясы кеден органдарының елге әкелінетін, өнім айналысының бірыңғай ЕАС (ағылшынша Eurasian Conformity) белгісімен таңбаланып қойған болуға тиіс тауарларға қатысты талаптары туралы болып отыр.

Комиссияға Ресей бизнесі өкілдерінен кеден органдарының әкелінетін тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастыру кезінде оларда ЕАС белгісінің бар болуын тексеруі мәселесі бойынша әлденеше рет өтініш түсті. Іскерлік қоғамдастықтың өкілдері талап ЕАЭО құқығына қайшы келеді және бірқатар шығындарға соқтырады деп есептейді. Бұл туралы кездесу барысында ЕЭК-тің Ішкі нарықтардың жұмыс істеу департаментінің директоры Илья Черный әңгімеледі. «Осы және осыған ұқсас басқа да ахуалды реттеу үшін біз бүгінде таяудағы екі жылға арналған «жол картасын» дайындауды жүргізудеміз. Комиссия мұндай мәселелермен жұмыс істеуге дайын және осы шектеуді жою үшін іс-шараларды іске асыратын болады, сайып келгенде, бұл бизнес-қоғамдастық өкілдері үшін басқа да кедергілерді алып тастауға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Илья Черный. Үшінші елдерден ЕАЭО аумағына әкелінетін тауарларда бар болуын бақылаудың құқық қолдану практикасының мүше мемлекеттерде өзгешеліктері бар - Ресей Федерациясының кеден қызметі мұндай белгінің ЕАЭО кедендік аумағына әкеліну кезінде-ақ бар болуын талап етеді, ал Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының кеден қызметтері бұл белгіні мүше мемлекеттер аумағында салуға мүмкіндік бере отырып, импорттаушыларға мұндай талаптар қоймайды. Іскер қоғамдастықтың жекелеген өкілдерінің пікірінше, ЕАС белгісімен таңбалаудың бар болуына әртүрлі талаптардың қойылуы Ресей бизнесінің қосымша шығындарын тудырып отыр. «СВ-ТРАНСЭКСПО» компаниясы бас директорының кеңесшісі Марина Лякишева «Комиссия алаңшасы мәселе бойынша оңтайлы шешім тұжырымдауға мүмкіндік береді» деп санайды. Оның пікірінше, тауарларды ЕАЭО-дан тыс жерлерде таңбалау талабы ЕАС белгісімен таңбалау жөнінде көрсетілетін қызметтер үшін төлемнің ЕАЭО-ға кірмейтін үшінші елдерге кетіп қалуына соқтырады, ал бұл кірістерді РФ субъектілері ала алған болар еді. ЕЭК алаңшасындағы консультацияларға ритейлден бастап металлургке дейін – Ресей бизнесінің 100-ден астам өкілдері қатысты.  
 
Анықтама

Мағынасы Еуразиялық сәйкестік (Eurasian Conformity) ретінде ашылатын EAС – тауардың техникалық регламенттердің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі және сәйкестікті растау рәсімінен өткені туралы айғақтайтын айналыс белгісі. Одақтың техникалық регламенттерінде тауардың мүше мемлекеттер нарығындағы өнімнің бірыңғай айналыс белгісімен таңбалануы болуға тиіс екендігі көзделген. Бірыңғай айналыс белгісімен таңбалау өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына айналысқа шығару алдында жүзеге асырылады.