Жүйеге кіру
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты тауарлар экспортына енгізілген шектеулерді жеңілдету туралы шешім ЕАЭО-да 10 мамырдан бастап күшіне енеді

Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты тауарлар экспортына енгізілген шектеулерді жеңілдету туралы шешім ЕАЭО-да 10 мамырдан бастап күшіне енеді

08.05.2020

10 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты Еуразиялық экономикалық одақта бұрын енгізілген бірқатар тауарлар экспортына шектеулерді жеңілдету туралы шешімі күшіне енеді. Жеңілдету маталар мен дезинфекциялаушы құралдардың кейбір түрлерін үшінші елдерге шығаруға қатысты болды (ЕЭК Алқасының тиісті № 59 және № 60 шешімдері ЕАЭО-ның ресми құқықтық порталында 2020 жылғы 30 сәуірде жарияланды).

 «Одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсібі қысқа мерзімде қажетті қорғану құралдарының өндірісін өсіре алды, бұл ішкі нарықты толық мәнді жабдықтауға ғана емес, сонымен қатар сырттағы мұқтаж елдерге жеткізуді жүзеге асыруға да мүмкіндік берді. Осы арқылы біз сауда ашықтығының халықаралық қағидатын ұстанудамыз және әлемдегі коронавирусқа қарсы күреске жәрдемдесіп отырмыз. Мұндай тауарлардың экспорты бойынша шектеулерді жеңілдету жөніндегі бұл бірінші шешім, бірақ ақырғысы емес», деп мәлімдеді ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Коронавирустық инфекцияның таралуына және жеке қорғану құралдарының жетіспеушілігіне байланысты жағдаятты тұрақтандыру үшін ЕЭК Алқасы 2020 жылғы 24 наурызда Одақтың кедендік аумағынан жеке қорғану құралдарын, қорғану және дезинфекциялау құралдарын, медициналық мақсаттағы өнімдер мен материалдарды әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылдады. Тауарлар тізіміне мақта, дәке, бинттер, маскалар, жартылай маскалар, респираторлық маскалар, респираторлар, тыныс алу органдарын жеке қорғауға арналған сүзгілер, қорғану көзілдіріктері, дезинфекциялау құралдары, киімнің кейбір түрлері мен керекті жарақтары, сондай-ақ қолғаптар кіреді. Шара 2020 жылғы 5 сәуірден бастап 30 қыркүйекке дейінгі аралықта қолданылады.