Жүйеге кіру
Халықаралық рейтинг агенттіктері ЕАЭО елдері экономикасын COVID-19 пандемиясы аясында дамыту жөніндегі болжамдарды түзетті

Халықаралық рейтинг агенттіктері ЕАЭО елдері экономикасын COVID-19 пандемиясы аясында дамыту жөніндегі болжамдарды түзетті

08.07.2020

Халықаралық рейтинг агенттіктері 2020 жылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша COVID-19 пандемиясы аясында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің экономикасын дамыту жөніндегі болжамдарды жаңартты.

Мәселен, Moody's Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту жөніндегі болжамын («Baa3» кредиттік рейтингі оң болжаммен) жаңартты. Жаңартылған болжам Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2020 жылы 35 АҚШ долл./баррель, 2021 жылы 45 АҚШ долл./баррель құрайды деп есептей отырып жасалған. Жаңа болжамға сай Қазақстан Республикасының экономикасы 2020 жылы болмашы қысқарады (ЖІӨ
-0,5%), ал келесі жылы 3% өсім көрсетеді.

Fitch COVID-19 пандемиясына қатысты жағдаяттың нашарлауына және мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты Ресей Федерациясының экономикасын дамыту жөніндегі болжамды қайта қарады. 2020 жылы Ресейдің ЖІӨ-нің 5,8% деңгейінде төмендеуі (алдыңғы сәуір болжамына сай 5% қысқаруы күтілген) күтілуде. Бұл ретте жаңа болжамда әлемдік ЖІӨ динамикасын бағалау (4,6% қысқаруы) өзгеріссіз қалды.

Fitch рейтинг агенттігі Армения Республикасының егемен кредиттік рейтингі бойынша болжамын да тұрақтылықтан теріске қарай («BB-» рейтингі теріс болжаммен) қайта қарады.

Агенттік сарапшылары шикізат тауарлары экспортының төмендеуіне, жеке тұлғалардың ақша аударымдарының қысқаруына, саудаға, Ресей Федерациясынан тікелей шетелдік инвестицияларға және шекараны мәжбүрлі жабу салдарынан туристік сектордан түсетін табыстың төмендеуіне байланысты COVID-19 пандемиясы Армения экономикасының өсу қарқынына теріс әсер етеді деп күтуде.

Сонда да, рейтинг агенттіктері Беларусь Республикасы мен Қырғыз Республикасының егемен кредиттік рейтингтерін растады: Fitch пен Standard&Poor 's - Беларусьтің, Moody' s – Қырғызстанның рейтингін өзгеріссіз сақтады.

Солай бола тұра, агенттіктер болжамдар айқынсыздықтың жоғары деңгейіне ие екенін атап көрсетуде, өйткені COVID-19-дың әлем елдерінің экономикасына ықпал ету ауқымы әзірге анық емес.

2020 жылғы екінші тоқсанда әлем елдерінің экономикалық еркіндік дәрежесі бойынша рейтингі де (Heritage Foundation-нан 2020 жыл экономикалық еркіндік индексі) жаңартылды. 2020 жылғы рейтинг көшбасшысы Сингапур болып табылады, одан кейін Гонконг, Жаңа Зеландия, Австралия және Швейцария тұр.

Армения, Беларусь және Ресей 2020 жылғы рейтингте 2019 жылмен салыстырғанда бір санатқа көтерілді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Армения Республикасы (34-орын) «басымырақ еркін елдер» тобына, ал Беларусь Республикасы (88-орын), Қазақстан Республикасы (39-орын), Қырғыз Республикасы (81-орын) және Ресей Федерациясы (94-орын) «біршама еркін елдер» тобына жатады.

Тұтастай алғанда, ЕАЭО елдерінің күшті жақтары фискалдық жүйенің жай-күйі, салықтық жүктеменің жоғары еместігі, кәсіпкерліктің еркіндігі және сауда еркіндігі болып табылады.

Толығырақ ЕЭК-тің Макроэкономикалық саясат департаментінің «Халықаралық рейтингтер» бөлімінен көруге болады.

 Анықтама

Әлем мемлекеттерінің экономикалық еркіндік дәрежесі бойынша рейтингінде елдердің санаты қорытынды рейтинг баллына сәйкес айқындалады. Зерттеуде елдердің бес санаты бөліп көрсетіледі:

1. Еркін елдер (Free) – рейтинг баллы 80 және одан астам (мүмкін болатын 100-ден);

2. Басымдау еркін (Mostly Free) – 70-тен 80 баллға дейін;

3. Біршама еркін елдер (Moderately Free) – 60-тан 70 баллға дейін;

4. Басымдау еркін емес елдер (Mostly Unfree) – 50-ден 60 баллға дейін;

5. Еркін емес елдер (Repressed) – 50 баллдан төмен.