Жүйеге кіру
ЕЭК-те ЕАЭО елдері арасында роумингтегі ұялы байланыс қызметтерін көрсету тарифтерін төмендету мүмкіндіктері талқыланды

ЕЭК-те ЕАЭО елдері арасында роумингтегі ұялы байланыс қызметтерін көрсету тарифтерін төмендету мүмкіндіктері талқыланды

08.11.2019

5 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің аумағында роумингте ұялы байланыс қызметтері көрсетілгені үшін төлемді төмендету мүмкіндіктерін талқылау жөнінде кеңес болып өтті. Іс-шараға «бестік» елдерінің ұялы байланыс операторларының, байланыс және ақпараттық технологиялар мәселелеріне жетекшілік жасайтын министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ қатысушы елдердің монополияға қарсы органдарының өкілдері қатысты.

Бұл ЕАЭО қатысушы елдері арасында роуминг тарифтерін төмендету мүмкіндігі туралы пікір алмасу жөніндегі нұсқамашы кеңестер сериясының бірінші өткізілген іс-шарасы болды. Бұл мәселенің Комиссия алаңында талқылануына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминнің үстіміздегі жылғы 25 қазанда Еуразиялық үкіметаралық кеңес шеңберінде айтқан роуминг төлемдерін кезең-кезеңімен төмендету жөніндегі мәселелерді қараудың орындылығы және қажетті іс-шараларды тұжырымдау туралы бастамасы негіз болды.

Ұялы байланыс операторларының пікірінше, роуминг төлемін төмендету мәселелерін шешу үшін бірқатар қадам жасау талап етіледі. Атап айтқанда, ЕАЭО елдерінің оператораралық өзара іс-қимылын ырықтандыру, алаяқтық және трафикті ауыстырып жіберу (ФРОД) жағдайларымен байланысты тәуекелдерді барынша азайту, интерконнект қызметтерін көрсету құнын төмендету қажет.

Сарапшылар Еуропалық одақтың роуминг төлемдерінің күшін жою жөніндегі тәжірибесін пайдалану мүмкіндіктері туралы да пікір алмасты.

Анықтама

Интерконнект жүйесі операторлар арасындағы олар ұсынған трафик үшін өзара есептесулердің талабы мен мөлшерін айқындайтын оператораралық қатынастардың жүйесін білдіреді.

Фрод (ағылшын термині fraud — сөзбе сөз алдау, алаяқтық) – ұялы байланыстың қызметтер көрсетуін оларға тиісті ақы төлемей пайдалану.