Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның индустрияландыру картасы одақтық елдердің өнеркәсіптік әлеуетін бейнелейтін болады

ЕАЭО-ның индустрияландыру картасы одақтық елдердің өнеркәсіптік әлеуетін бейнелейтін болады

08.07.2020

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені жөніндегі министрі Артак Камалян Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі Петр Пархомчикпен жұмыс кездесуінде өндірістік кооперацияны дамыту мен тереңдету, жұмыс істеп тұрған өндірістерді оқшаулауды ұлғайту және Еуразиялық экономикалық одақта импорт алмастыру мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Импортты алмастыру бойынша іс-қимылды үйлестірудің маңызды құралы - ЕАЭО-ның индустрияландыру картасы болады, оны біз қазір дайындап жатырмыз. Құжат импортқа тәуелді технологиялық бағыттарды, мүше мемлекеттер өндірушілерінің әлеуетін, Одақта қалыптасқан өнеркәсіптік жобалар мен кооперациялық байланыстарды бейнелейтін болады деп бағамдалып отыр. Бұл тараптардың өндірістің қосарласуын болдырмауына және өндірушілердің салалық мамандануға қарай ілгерілеуіне мүмкіндік береді», деп атап өтті Артак Камалян.

ЕЭК министрінің сөзінше, карта жобасына 18 саладағы 194,5 млрд АҚШ доллары сомасындағы өнеркәсіптің тиісті салалары үшін 178 ірі инвестициялық және маңызды жоба, сондай-ақ импорт алмастыру бойынша кооперациялық ынтымақтастық мүмкін болатын 29 өнеркәсіп саласы бойынша 555 технологиялық бағыт және де олардың әрқайсысы бойынша Одақтың кедендік аумағына импорт өткен жылы 300 млн долл. асқан өнеркәсіптік тауарлардың 19 тобы енгізілген.

17 шілдеде Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы шеңберінде ЕАЭО-ның индустрияландыру картасының тұсауы кесілетін болады.

Артак Камалян мен Петр Пархомчик өнеркәсіптегі кооперациялық жобаларды іске асыруды, шығарылған елді айқындаудың және технологиялық операцияларды есепке алудың бірыңғай қағидаларын әзірлеуді, жаңа стратегияны Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған негізгі бағыттарын дайындау кезіндегі ЕЭК пен Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің өзара іс-қимылын да талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы жылғы күзде ЕАЭО Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің үшінші отырысын өткізу туралы және Кеңес «алаңдарында» келіссөздерді жалғастыру туралы уағдаласты.