Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің АӨК-ті дамытуды болжау әдіснамасын мақұлдады

ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің АӨК-ті дамытуды болжау әдіснамасын мақұлдады

09.06.2020

Құжатта қатталған тәсілдемелер ЕАЭО-дағы ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық даму болжамын және көрсеткіштерді екі жылда бір рет түзете отырып, орташа мерзімді (5 жыл) әрі ұзақ мерзімді (10 жыл) кезеңге арналған негізгі аграрлық азық-түлік тауарларын пайдалану нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Болжам екі санаттағы тауарларға: ауыл шаруашылығының базалық өніміне және қайта өңдеу өнімдеріне қатысты жасалатын болады. Бірінші санатқа астық, картоп, мал және құс, қант қызылшасы, майлы және көкөніс-бақша дақылдары, шикі сүт, жұмыртқа, жемістер мен жидектер, жүн, мақта және зығыр талшығы, тері-терсек шикізаты жатқызылған. Екінші санатта - өсімдік майы, ет және ет өнімдері, ақ қант, картоптың, көкөністің, жемістердің, жидектердің өңделген өнімдері және т.б. болады.

Болжам қалыптасатын негізгі көрсеткіштер арасында агроөнеркәсіптік кешенде жұмыспен қамтылғандар саны, барлық санат шаруашылықтарындағы тауарлар өндірісі, еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импорты, АӨК өнімдерінің негізгі түрлері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі болады.

Әдіснамада болжамның есептеу параметрлеріне ықпал ететін басты факторлар көрсетілген. Мысалы, бұлар - Одақ елдерінің ішкі және сыртқы нарықтарындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікке сұраныс, мүше мемлекеттердің аграрлық азық-түлік нарығын кедендік-тарифтік қорғауды төмендету, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, құнарлы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту мен жер пайдалануды оңтайландыру жөніндегі шараларды іске асыру және басқа бірқатар жәйіттер.

Әдіснама Комиссияға агроөнеркәсіптік кешендер дамуының болжамды көрсеткіштерін есептеу үшін қажет, кейіннен оларды Одақ елдерінің уәкілетті мемлекеттік органдарының пайдалануына ұсыным жасалады.

Ұзақ мерзімді болжамдар мүше мемлекеттердің ұзақ перспективаға арналған АӨК-ті дамыту перспективаларын, олардың әлеуетті өндірістік және тұтыну тауашаларын бағалауға көмектесетін инвестициялық тартымдылық құралы болады. Бұл қаржылық және материалдық ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Анықтама

Әдіснама 2018 жылғы 19 қарашадағы Еуразиялық экономикалық одақтың Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің бірінші отырысының хаттамасына сәйкес әзірленді. Кеңес келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру кезінде мүше мемлекеттердің Ауыл шаруашылығы министрліктерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО елдері басшыларының шешімімен құрылған. Оның құрамында – одақтық елдердің Ауыл шаруашылығы министрлері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және АӨК, Техникалық реттеу жөніндегі министрлері бар.​