Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Қытай жыл аяғына дейін Бірлескен комиссияның алғашқы отырысын өткізеді

ЕАЭО мен Қытай жыл аяғына дейін Бірлескен комиссияның алғашқы отырысын өткізеді

09.07.2020

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Қытай Халық Республикасы (ҚХР) Коммерция министрі Чжун Шаньмен телефон арқылы сөйлесті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі Бірлескен комиссияның бірінші отырысын үстіміздегі жылдың аяғына дейін өткізу жайында уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Осы отырыстың шеңберінде Еуразиялық интеграция мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының практикалық ұштасуының түйінді бағыттарын қарауды ұсынамыз. Бұл кеден, транзит, сауданы цифрландыру, азық-түлік және кәсіпорындар кооперациясына жәрдемдесу мәселелеріне қатысты», –  деп мәлімдеді ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Әңгімелесу барысында министрлер ЕАЭО мен ҚХР кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар және халықаралық тасымалдың көлік құралдары туралы деректермен ақпараттық алмасу мәселелерін, ЕАЭО-Қытай деңгейіндегі ынтымақтастықтың форматтарын тереңдету мүмкіндіктерін де талқылады. Сондай-ақ олар жаһандық сауда күн тәртібінің өзекті мәселелері және ДСҰ алаңындағы өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасты.

«Біздің ынтымақтастығымызды күшейтудің мынадай қадамдарын ұсынғым келеді. Біріншіден, тауар айналымын арттыру. Қытайдың зор нарығы бар, ал ЕАЭО мемлекеттері сапалы өнім өндіреді. Біз Одақ елдері үшін ашық екенімізді және қажетті жәрдем ұсына алатынымызды атап көрсетпекпін. Екіншіден, бұл – инвестициялар. Қытай тарапы ЕАЭО-ның өндіріс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, қызметтер көрсету саудасы сияқты салалардағы өз компанияларының инвестицияларын көтермелейді», –  деп атап өтті ҚХР Коммерция министрі Чжун Шань.

Министрлер өзара сауда байланыстарын қолдау және мемлекеттердің экономикасы үшін коронавирустық инфекцияның салдарын барынша азайту мақсатында шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды.

Анықтама

2015 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен ҚХР басшылары ЕАЭО мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұштасуының алғашқы қадамы ретінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жасасуды айқындады. 2019 жылы 25 қазанда құжат күшіне енді. Келісімге орай қазірдің өзінде бірнеше өзара іс-қимыл институты, соның ішінде Келісімді іске асыру жөніндегі Бірлескен комиссия құрылды.​