Жүйеге кіру
ЕҮАК қорытындылары: Трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, Одақ елдерінің АӨК-ті дамытудың бірлескен болжамдары, ауыл шаруашылығы өнімі бойынша сұранысы мен ұсыныстарының баланстары бекітілді, бірқатар келісімдерге қол қойылды

ЕҮАК қорытындылары: Трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, Одақ елдерінің АӨК-ті дамытудың бірлескен болжамдары, ауыл шаруашылығы өнімі бойынша сұранысы мен ұсыныстарының баланстары бекітілді, бірқатар келісімдерге қол қойылды

IMG03931.jpg
09.08.2019

9 тамызда Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысында талқыланған негізгі тақырыптар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібін іске асыру, Одақ елдерінің өнеркәсіптік кооперация, сауда ынтымақтастығы салаларындағы өзара іс-қимылы, сондай-ақ алкоголь нарығын реттеу мәселелері болды.

Үкіметаралық кеңес Одақ елдерінің заңды тұлғаларының (шаруашылық жүргізуші субъектілерінің) өз арасындағы және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл тұжырымдамасын мақұлдады, Одақ елдерінің 2019-2020 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың бірлескен болжамдарын, ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшығы, былғары шикізаты, мақта талшығы және жүн бойынша сұранысы мен ұсыныстарының баланстарын, сондай-ақ «Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, қосалқы келісімшарт жасасу және технологиялар трансфері желісі» жобасының жаңартылған паспортын бекітті. Үкіметаралық кеңес мүшелері ЕАЭО-ның кедендік аумағы бойынша қауіпті қалдықтардың трансшекаралық өткізілуі туралы келісімге қол қойды.

Бұдан басқа, ЕҮАК Комиссияға Одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп «Еуразиялық компания» ұйымдық-құқықтық нысанын жүргізу үшін корпоративтік құқық нормаларын үндестіру мүмкіндігіне талдау жасауды тапсырды.

Үкіметаралық кеңеске мүше мемлекеттер бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу мен бөлу туралы есеп тапсырылды.

Үкіметаралық кеңес отырысына
Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев және ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Еуразиялық
үкіметаралық кеңес төрағасы, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО елдері үкіметтері басшыларына ілтифат лебізін білдіре отырып, «Біз ортақ қаржы нарығын құруға аса маңыз беріп отырмыз. Бұл мақсатқа қол жеткізуге, атап айтқанда, ЕАЭО мемлекеттерінің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру туралы келісім ықпал ететін болады» деп атап көрсетті. Ол сонымен бірге ЕАЭО-да қазіргі бар тосқауылдарды жою жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды екенін атап өтті.

ЕЭК Алқасының Төрағасы
Тигран Саркисян: «ЕЭК ұлтүсті компаниялары үшін құқықтық кеңістік қалыптастыру жөнінде тиісті жұмыс жүргізуде. Біз халықаралық тәжірибеге негіздей отырып, құрылымдар қандай шеңберлерде іс-әрекет жасайтынын және жоғарыда аталған компаниялар ЕАЭО аумағында қандай жеңілдіктер алатынын айқындау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз экспортты арттыру үшін кооперациялық байланыстарды кеңейту және жолға қою бағытында жұмыс істейтін боламыз» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ ЕҮАК отырысының қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығы құрметіне мүше мемлекеттердің почталары бірлесіп шығарған естелік почта маркаларын өтеу рәсімі болып өтті.

Үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 25 қазанда Мәскеуде болады.