Жүйеге кіру
Вьетнам мен ЕАЭО елдері арасында кедендік ақпарат алмасу орнатылатын болады

Вьетнам мен ЕАЭО елдері арасында кедендік ақпарат алмасу орнатылатын болады

10.03.2017

Вьетнамнан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне (ЕАЭО) баратын және одан кері қайтатын тауарлар туралы электрондық ақпарат алмасу жөнінде Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) кеден қызметінің өкілдері уағдаласты. Электрондық ақпарат алмасу сауда ағындарының ашықтығын арттыруға және 2015 жылы Вьетнам Республикасы мен ЕАЭО  арасында жасалған еркін сауда туралы келісімді неғұрлым тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Практика көрсетіп отырғанындай, мемлекеттік реттеушілердің бір-біріне сенім білдіруі – бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тыныс-тіршілігін оңайлатуға арналған базалық шарт», - деп атап өтті ЕАЭО келіссөз делегациясына жетекшілік еткен Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік инфрақұрылым департаментінің директоры Бақтыбек Байсеркеев.

Сапар шеңберінде Одақтың өкілдері Вьетнамның кеден қызметінің ақпарат жүйесімен, соның ішінде Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығына (АСЕАН) кіретін елдердің «бір терезе» тетігінің жұмыс істеуімен, сондай-ақ АСЕАН-ға кірмейтін басқа да экономикалық әріптестермен өзара іс-қимылдың жүзеге асырылуымен танысты. «Өз кезегінде біз вьетнамдық тарапты Одақтың интеграцияландырылған ақпараттық жүйесі шеңберінде іске асырылған негізгі қағидаттар мен техникалық шешімдер туралы хабардар еттік», - деп түсіндірді Бақтыбек Байсеркеев.

Тараптар Одақққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерімен бірлесіп Комиссия әзірлеген, ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы ақпарат алмасуды іске асырудың негізгі қағидаттарын талқылады.  

«Электрондық алмасу үшін міндетті ақпарат құрамын келісу процесін жеделдету қажет», - деп есептейді Бақтыбек Байсеркеев. – Біз тоқсан сайын әріптестермен кездесу өткізуге уағдаластық. Бұл тиімді ақпараттық өзара іс-қимылды тез жөнге келтіру үшін оңтайлы жұмыс режимі».  

Вьетнам Социалистік Республикасы – Еуразиялық экономикалық одақ кедендік электрондық ақпарат алмасуды жөнге келтіріп жатқан екінші ел. Қытай Халық Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекаралары арқылы өткізілетін халықаралық тасымалдаудың тауарлары мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасу туралы келісім жасасу жөнінде бұрын Қытай Халық Республикасымен келіссөздердің бірнеше раунды жүргізілді.