Жүйеге кіру
ЕЭК пен ФАО-ның 2015-2018 жылдарға жоспарланған іс-шаралары толық орындалды

ЕЭК пен ФАО-ның 2015-2018 жылдарға жоспарланған іс-шаралары толық орындалды

IMG_4577.JPG
10.04.2019
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Кеңесінің Римде өткен 161-сессиясында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Өнеркәсіп және АӨК жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботин мәлімдеді.

«ЕЭК ФАО-мен ынтымақтастыққа үлкен маңыз береді. Біз ЕЭК пен ФАО-ның 2015-2018 жылдарға белгіленген бірлескен іс-шараларын толық орындадық. Таяуда ЕЭК пен ФАО арасындағы келесі кезең – 2019-2023 жылдарға арналған Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Комиссия әзірлеген іс-шаралар жоспарының жобасын келісуді аяқтадық. Құжат қол қоюға дайын»,- деп атап өтті министр.

Александр Субботин ЕЭК-тің үйлестіруімен Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) ойдағыдай шешіліп жатқан мәселелерге дербес түрде отырысқа қатысушылар назарын аударды.

Мысалы, ЕАЭО-да антибиотикке төзімділік жөніндегі жұмыс Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың 2018-2020 жылдардағы үшжылдық кезеңге арналған Пилоттық бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде. Бағдарламаға 2017 жылғы желтоқсанда қол қойылды.

Азық-түліктің және тағам қалдықтарының ысырабын қысқарту міндеттері Еуразиялық технологиялық платформалармен ынтымақтастық шеіңберінде шешілуде. Олар Одақ елдерінің ұжымдық азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасының жобасын әзірлеу кезінде де ескеріледі.

Ал жануарлардың трансшекаралық ауруларының профилактикасы мен оларға қарсы күрес мәселелері ЕАЭО туралы шартпен реттеледі.

ЕЭК және Одақ елдерінің ФАО-мен ынтымақтастығы тиісті Меморандум шеңберінде құрылғанын, оның қолданылу мерзімі 2018 жылы келесі бес жылға ұзартылғанын еске сала өткен жөн.

Анықтама

ФАО Біріккен Ұлттар Ұйымының ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық күш-жігерді басқаратын мамандандырылған агенттігі болып табылады.

2013 жылғы 12 қарашада ЕЭК пен ФАО бес жылға арналған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, оның шеңберінде тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырып келеді және бірлескен іс-шараларды іске асыруда. Отырыста ФАО-ның 2018-2021 жылдарға арналған Орташа мерзімді жоспарын, Жұмыс бағдарламасы мен 2020-2021 жылдарға арналған бюджетін және 2018 жыл ішіндегі аралық шолу қорытындысы бойынша Жиынтық баяндамасын талқылауға баса назар аударылды.