Жүйеге кіру
ЕЭК Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының құрылымын мақұлдады

ЕЭК Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының құрылымын мақұлдады

10.05.2017

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Қаржы нарығы жөніндегі консультативтік комитетінің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының құрылымы мен негізгі идеялары талқыланды.

«Посткеңестік кезеңде біздің еліміз өздерінің ұлттық қаржы жүйелерін өзіндік ұстанымдарын негізге ала отырып орнықтырды. Қазіргі кезде оларды барлық тараптардың мүдделері мен өзара тиімділігі теңгерімін ескере отырып үндестіру қажет, – деп атап өтті ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Тигран Давтян. – Бүгін біз Одақтың ортақ қаржы нарығын құру жолында алғашқы маңызды қадам жасаймыз».

ЕЭК Тұжырымдаманың алғашқы редакциясын дайындайтындығы, содан кейін құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, ұлттық (орталық) банктеріне талқылау үшін ұсынылатындығы туралы шешім қабылданды.

Тұжырымдама ортақ қаржы нарығының жұмыс істеуінің негізгі мақсаттары мен қағидаттарының сипаттамасын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктерінің және Комиссияның ақпараттық және әкімшілік өзара іс-қимылдары нысандары мен құралдарын, сондай-ақ ЕАЭО қаржы нарықтарындағы ұлтүсті реттеуші органның өкілеттіктерін қамтитын болады. 

Отырысқа қатысушылар Одақ құқығына кіретін ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығы саласындағы бірқатар халықаралық келісімдерді дайындау бойынша жұмыс барысын талқылады. Олардың арасында – валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің және ырықтандыру шараларын қабылдаудың келісілген тәсілдемелері туралы; құрамына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің басшылары кіретін бағам саясатын үйлестіру мәселелері жөніндегі органның қызмет тәртібі туралы; ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кредиттік тарихтар құрамына кіретін мәліметтерді алмасуы бойынша өзара іс-қимылдары туралы; ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы келісімдердің жобалары бар.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамаларын үндестіру жоспарының жобасы тұтастай мақұлданды. Бұл -Одақ елдерінде қаржы нарықтарын реттеу нормаларын жақындатуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді «жол картасы». Жоспардың жобасын барынша егжей-тегжейлі пысықтап алу үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамаларын үндестіру жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде сақтандыру, банк секторы және бағалы қағаздар нарығы секторы бойынша кіші топтар құрылатын болады.

Бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру бойынша «жол картасы» жобасын қарау кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын реттеушілердің өкілдері міндеттерді кешенді шешу қажеттілігін атап өтті – бірыңғай биржалық кеңістік бағалы қағаздар және өндірістің қаржы құралдары нарығын да, ақшалай нарықты да қамтуы тиіс.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл тағы бір талқылау тақырыбына айналды. Ресей Федерациясы Орталық банкінің қызметкері оларды туындауының бастапқы кезеңдерінде анықтау тәсілдері, осындай түрдегі қылмыстар үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы айтып берді. Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) өкілі ЕАТ-қа мүше мемлекеттерде қаржы пирамидаларының қызметімен байланысты операцияларды анықтау тәжірибесімен бөлісті.

Анықтама
Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитет ЕЭК Алқасының 2012 жылғы 25 қазандағы № 199 шешімімен құрылды. Комитеттің төрағасы ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов болып табылады. Комитет негізгі қызмет бағыттарына 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарттың 64 және 70-баптарына сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын реттеу, валюталық реттеу мен валюталық бақылау мәселелері жататын ЕЭК-тің консультативтік органы болып табылады.