Жүйеге кіру
Доминикан Республикасы және ЕАЭО ынтымақтастықты дамытуда

Доминикан Республикасы және ЕАЭО ынтымақтастықты дамытуда

10.06.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Саясат және өңірлік интеграция министрі Мигель Мехиамемен және Доминикан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Хосе Мануэль Кастильо Бетансеспен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Доминикан Республикасымен диалогын орнатуды және ынтымақтастығын дамытуды талқылады.


Тигран Саркисян ЕАЭО және ЕЭК қызметі туралы әңгімеледі. ЕЭК Алқасының Төрағасы: «Біз бес мемлекетті біріктіріп отырмыз, кедендік-тарифтік және техникалық реттеу, үшінші елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастар, демпингке қарсы тергеп-тексерулер сияқты салаларда бес елде орындау үшін міндетті шешімдерді қабылдайтын, өз өкілеттіктері бар ұлтүсті органын құрдық, біз бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте келісілген саясат жүргіземіз», - деп хабардар етті.

Доминикан Республикасының өкілдері ЕАЭО-мен тығыз диалогқа және ынтымастыққа деген мүдделілік білдірді. Олар Еуразиялық жоба мен Доминикан мүше болып табылатын өңірлік интеграциялық бірлестіктер туралы, атап айтқанда Орталықамерикалық интеграциялық жүйе (ОАИЖ) туралы ақпарат алмасуды жеделдетуді ұсынды. Осы мақсатқа орай елдің Саясат және өңірлік интеграция министрі ЕЭК Алқасының Төрағасын Доминиканда ЕАЭО туралы таныстырылыммен сөз сөйлеуге және ел президентімен кездесуге шақырды.

ЕЭК өз тарапынан өзара мүдделілік білдірілген салаларды анықтау үшін ұлтүсті органының функциялары, өкілеттіктері туралы ізеуірттелген ақпарат ұсынады.


Доминикан тарапы қазіргі бар практиканы ескере отырып, ЕАЭО мен республика арасында меморандум жасасу мүмкіндігін талқылауды ұсынды. ЕАЭО-ның Грекиямен, Корея Республикасымен, Сингапурмен, Камбоджамен, Чилимен, Моңғолиямен, Перумен, Иорданиямен, Мароккомен, Кубамен, Эквадормен және басқа бірқатар елдермен, сондай-ақ АСЕАН-ды, МЕРКОСУР-ды, Анд қауымдастығын, Латынамерикалық экономикалық жүйені, ТМД-ны қоса, әлемдік аса ірі интеграциялық бірлестіктермен жасасқан меморандумдары бұрыннан бар. Доминикан тарапының есептеуінше, алдағы уақытта екі интеграциялық бірлестік - ЕАЭО мен ОАИЖ арасында да меморандум жасасылуы мүмкін.


«Бұл кездесуіміз біздің елдеріміздің арасындағы неғұрлым серпінді әрі қарқынды қатынастарға негіз қалауы мүмкін. Мұның барлық тарап ұтыста болатын ыңғайлас жүрісті жол екендігіне сенімдімін», - деп атап көрсетті Саясат және өңірлік интеграция министрі Мигель Мехиа.


Тараптар ЕАЭО және ОАИЖ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жеделдету Орталықамерикалық әріптестермен сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуге әкеледі деген үміт білдірді.


Анықтама
Орталықамерикалық интеграциялық жүйе
(ОАИЖ, исп. — Sistema de la Integracion Centroamericana, SICA) Орталық Америкадағы сегіз мемлекетті біріктіретін өңірлік интеграцияның халықаралық ұйымын білдіреді.


ОАИЖ-ды 1991 жылы Коста-Рика, Сальвадор, Гватемала, Гондурас, Никарагуа және Панама сияқты мемлекеттер құрды. Кейіннен Белиз (1998 жылдан бастап) және Доминикан Республикасы (2013 жылдан бастап) ОАИЖ-ге толық құқылы мүше ретінде қосылды. Мексика, Чили және Бразилия - өңірлік, ҚХР, Испания, Германия, Жапония және Ресей өңірден тыс байқаушылар болып табылады.

ОАИЖ штаб-пәтері Сан-Сальвадор қаласында (Сальвадор Республикасы) орналасқан.