Жүйеге кіру
Қырғызстанда ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларға қатысты бақылау бағаларының ең төмен деңгейін қолдану түріндегі тосқауыл жойылады

Қырғызстанда ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларға қатысты бақылау бағаларының ең төмен деңгейін қолдану түріндегі тосқауыл жойылады

10.07.2018

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының отырысында кедендік реттеу, бәсекелестік және Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ішкі нарықтарының жұмыс істеуі мәселелері қаралды. ЕЭК Қырғыз Республикасының ішкі саудадағы тосқауылды жоюға дайындығын атап өтті,  жосықсыз бәсекелестік белгілері туралы істі қарау тоқтатылды, көпірлі кран сыныпталды,  Комиссияның   куәландырушы орталығы туралы ереже бекітілді.

Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден  елге әкелінетін тауарларға қатысты бақылау бағаларының ең төмен деңгейін қолдануға байланысты тосқауылды жоюға әзірлігін білдірді.

Қырғызстанда Одаққа қатысушы елдерден импортталатын бірқатар тауарларға салық мөлшері  нарықтық бағалардың қалыптасқан деңгейін және  тауарды сатып алудың нақты құнын есепке алмай, бекітілген ең төмен бақылау бағаларынан шығара отырып есептеледі. Бұл ретте  республикада өндірілетін соған ұқсас өнімге қатысты немесе оның үшінші елдерден импорты кезінде бақылау бағаларының ең төмен бағасы қолданылмайды, ал тауарлардың құны  мәміле тараптарының іс жүзінде ескертіп өткен бағаларын негізге ала отырып есептеледі.

Комиссия  Алқасы Қырғыз Республикасының Одақ құқығына сәйкес келтіру мақсатында ұлттық заңнама актілеріне 2018 жылғы қазанға дейін өзгерістер енгізуге дайындығын атап өтті. ЕЭК Алқасы бұл мәселені қарауға 2018 жылғы қазанда қайта оралады.

Комиссия Алқасы Беларусь Республикасынан Ресей Федерациясына сүт өнімдерін жеткізуді шектеулер туралы мәселені кезекті рет қарады.

Ресей Федерациясына Беларусь Республикасының аумағынан сүт өнімдерінің жекелеген түрлерін әкелуге  уақытша шектеулер енгізу  Одақ құқығына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Бұл ретте Беларусь Республикасы  мен Ресей Федерациясы сүт өнімдерін жеткізу жөніндегі шектеу шараларын алып тастауға әзір. Бұл үшін тиісті «жол картасы» іске асырылатын болады.

Сонымен бірге, Ресей Федерациясы белорус сүт өнімдерін жеткізуге қатысты Одақ құқығына сәйкес келмейтін шектеу шараларын сақтаған жағдайда, ЕАЭО туралы шарт ережелерін үш ай мерзімде орындау қажеттігі жөніндегі хабарлама туралы мәселе Комиссия Алқасының отырысында  тағы да қаралатын болады.

Комиссия Алқасы Ресейлік ««Урал станок өнеркәсібі компаниясы» (УСК) компаниясының ЕАЭО туралы шартта бекітілген трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылығын тапқан жоқ.Істі қарау тоқтатылды.

Бұдан бұрын Комиссияға Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен өтініш түсіп,  оның материалдарында жосықсыз бәсеке белгілерінің бар болуы мүмкін екендігі көрсетілген еді. Атап айтқанда, «STAHLBAU металлоконструкциялар зауыты» ЖШС (Қазақстан Республикасы) пікірі бойынша, «УСК»  ЖШҚ Қазақстандық кәсіпорынның фирмалық атауын, сондай-ақ зауыттың суреттері мен сипатталуын өзінің сайтында және каталогтарда  заңсыз пайдаланып отыр.

Өтініш материалдарын зерделеу барысында УСК Қазақстандағы өндірістік қуаттардың суретін STAHLBAU-дың  рұқсатынсыз пайдаланғаны, сондай-ақ бұл қуаттарды УСК-ның өнеркәсіптік алаңдары болып табылады деп көрсеткені анықталды.

Осыған қарамастан, Комиссия бірде бір трансшекаралық нарықтарда ресейлік және қазақстандық кәсіпорындар арасындағы  бәсекелестік қатынастарды анықтаған жоқ.

Бәсекелестік қатынастардың болмауы УСК-нің іс-әрекетін жосықсыз бәсеке ретінде бағалауға мүмкіндік бермейді (ЕАЭО туралы шарттың 76-бабының 2-тармағы).   

Сондай-ақ электр жетегі бар қозғалмайтын тіректегі көпірлі кран сыныпталды -  СЭҚ ТН Түсіндірудің 1 және 6 негізгі қағидаларына сәйкес ол ЕАЭО СЭҚ Бірыңғай ТН 8426 11 000 0 қосалқы позициясына жатқызылды.

Комиссияның куәландырушы орталығы (КО) туралы ереже бекітілді. Куәландырушы орталық ЕЭК интеграциялық сегментінің құрауышы болып табылады және Комиссия өкілдерін электрондық құжаттарға қол қою үшін  электрондық цифрлық қолтаңба кілттері сертификаттарымен қамтамасыз етуге арналған. Комиссияның КО туралы ереже оның мәртебесін, мақсатын, қызметінің міндеттерін, функцияларын және т.б. айқындайды.