Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі валюталық құқықтық қатынастарды ырықтандыруды мақұлдады

ЕЭК Кеңесі валюталық құқықтық қатынастарды ырықтандыруды мақұлдады

10.08.2016

9 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде Валюталық құқықтық қатынастарды реттеуге арналған келісілген тәсілдемелер мен ырықтандыру шараларын қабылдау туралы келісім жобасын мақұлдады.

Келісім капитал мен ақша қаражаты қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етуге, қатысушы мемлекеттерде ортақ қаржы нарығын қалыптастыруға бағытталған.

Құжатта Одақ елдері валюталық шектеулерді қолданбайтын ЕАЭО мемлекеттері резиденттерінің валюталық операциялар тізбесі айқындалды. Атап айтқанда, бұл тауарлар мен қызметтер көрсетуді жеткізу және жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ЕАЭО резиденттері арасындағы есеп айырысуларға; бағалы қағаздармен биржалық операцияларға; банктік кредиттер мен қарыздарды ұсынуға және қайтаруға; Одақтың кедендік аумағы ішінде жеке тұлғалардың ақша аударымдарына т.б. қатысты болады.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты бойынша Алқа мүшесі (Министр) Тимур Сүлейменов: «Келісім жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттердің барлық банк мекемелерінде кемсітушіліксіз жағдайда шоттар ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті. – Іс жүзінде бүгінде ЕАЭО мемлекеттеріндегі резиденттер мен резидент еместерге қойылатын талаптар жиыны әртүрлі. Елдеріміз резиденттерінің ЕАЭО басқа елдерінің кредиттік мекемелерінде банк шоттарын ашуы және жүргізуі кезіндегі шектеулер сақталуда. Келісімді іске асыру Одақтың барлық азаматтары мен шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін тең көзқарасты қамтамасыз етеді.».

Келісім жобасы мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін ЕАЭО елдеріне жіберілетін болады.