Жүйеге кіру
ЕАЭО мен АСЕАН ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

ЕАЭО мен АСЕАН ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

10.12.2019
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Оңтүстік шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) мемлекеттерінің өзара сауда көлемі әлі де жеткіліксіз. Интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде Үлкен Еуразиялық экономикалық әріптестік идеясын дамытуда сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуі қажет. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Глазьев 9-10 желтоқсан күндері Мәскеуде ЕАЭО мен АСЕАН елдерінің сарапшылары үшін өтіп жатқан халықаралық семинарда мәлімдеді.

«Қазір ЕАЭО елдерінің АСЕАН-мен өзара сауда көлемі жоғары емес. Ол болуы мүмкін деңгейінен шамамен екі есе төмен. Біздің міндетіміз - бірлескен жобаларды құру үшін тосқауылдар аз болуы үшін, ақпарат пен мүмкіндіктердің көбірек болуы үшін, бизнес бірін бірі жақсы түсіне алатындай реттеу режимдерін түйістіру. Бүгін біз меморандумды және ынтымақтастық бағдарламасын іс жүзінде жүзеге асыруға кірісеміз және ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған: ЕАЭО мен АСЕАН мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуді нысанаға алып отырмыз», – деді Сергей Глазьев.

 2018 жылы ЕАЭО мен АСЕАН елдерінің тауар айналымы 11,5% - 22,4 млрд долларға дейін ұлғайды. АСЕАН-дағы ЕАЭО-ның жетекші сауда әріптестері Вьетнам (29,9%), Сингапур (19%), Малайзия (15,4%), Индонезия (13,4%) және Таиланд (12,8%) болып табылады. ЕАЭО АСЕАН елдеріне минералдық өнімдерді, азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатын, сондай-ақ металдар мен олардан жасалған бұйымдарды экспорттайды, негізінен машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын, азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізатын импорттайды. Сонымен қатар, 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте ЕАЭО мен АСЕАН-ның тауар айналымы 2,1% қысқарды.

Сергей Глазьевтің пікірінше, «сараптамалық консультацияларға және сауда рәсімдерін жеңілдету, техникалық реттеу, цифрлық экономиканы дамыту, санитариялық және фитосанитариялық шаралар мен өзара іс-қимылдың басқа да аспектілері бойынша тәжірибе алмасуға көңіл бөле отырып, ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы сапалы және жүйелі ақпараттық алмасу өзара іс-қимылдың маңызды элементі болып табылады». ЕЭК министрі интеграциялық бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықтың сапасы мен тереңдігін қолдайтын даму институттарының рөлін ерекше атап өтті әрі олардың әлеуетін және өзара қызығушылық тудыратын жобаларға инвестицияларды қаржыландырудың олар көздейтін құралдарын белсенді пайдалануға шақырды.

 Сергей Глазьев ЕАЭО мен АСЕАН-ның өзекті міндеті - өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын құру, соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Одақты дамытуды ұштастыру желісі бойынша жобалар құрамдас бөліктері болып табылатын Үлкен Еуразиялық экономикалық әріптестік идеясын дамыту, сондай-ақ түбірлі өңірлік экономикалық бірлестіктермен және Еуразияның ірі ұлттық экономикаларымен өзара іс-қимылды тереңдету екеніне назар аударды.

 ЕЭК министрі семинарға қатысушыларға іскер топтар желісі бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін, атап айтқанда, 2018 және 2019 жылдардағы Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберіндегі «ЕАЭО-АСЕАН» бизнес-диалогына ұқсас дамытуды ұсынды.

 Камбоджа Корольдігінің Мемлекеттік сауда министрінің орынбасары Рити Пич семинарға қатысушыларға АСЕАН мемлекеттерінің атынан қайырылды және оның тәжірибе алмасу, екі өңірлік бірлестік арасындағы өзара іс-қимыл механизмдерін әзірлеу және тараптардың сарапшылары арасында жұмыс байланысуын орнату үшін маңызды екенін атап өтті.

 «Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа және жаһандық ауқымдағы экономикалық өсімнің баяулауына қарамастан, АСЕАН сенімді экономикалық өсім, инвестициялық белсенділіктің артуын және ішкі тұтынудың өсуін көрсетіп отыр», – деп мәлімдеді Рити Пич. Оның пікірінше, стратегиялық жоспарлауда экономикалық өсудің драйвері болып табылатын цифрлық трансформация мен жоғары технологиялар сияқты салаларға ерекше көңіл аудару қажет.

 Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Көпжақты экономикалық ынтымақтастық және арнайы жобалар департаментінің директоры Наталья Стапран да ЕЭК пен АСЕАН арасындағы, атап айтқанда цифрлық экономика және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастық меморандумы мен бағдарламасын іске асырудың маңыздылығын атап көрсетті.

 Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Кирилл Барский ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықтың әсіресе Үлкен Еуразиялық экономикалық әріптестік идеясын іске асыру тұрғысында маңызды екенін атап өтті.

ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно аудиторияны Комиссияның қағидаттары, мақсаттары мен құзыреттері, сондай-ақ Одақтың перспективалық интеграциялық күн тәртібі туралы хабардар етті. Өз кезегінде ЕЭК Сауда саясаты департаментінің директоры Антон Кудасов ЕАЭО-ның сауда саясатына тоқталды. Бұдан басқа, семинарға қатысушыларға Одақтың бірыңғай нарықтарының жұмыс істеуі, ЕАЭО-ның ақша-кредит және валюта саясаты туралы ақпарат ұсынылды.

 Семинар жұмысына ЕАЭО-ға және АСЕАН-ға мүше елдердің экономика, сауда саясаты және интеграция мәселелері үшін жауапты бейінді министрліктері мен ведомстволарының 100-ден астам басшысы мен сарапшысы қатысты.

Анықтама

Оңтүстік шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) – 1967 жылы құрылған экономикалық бірлестік. Қауымдастықтың қатысушылары - Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппин, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Лаос, Мьянма, Камбоджа болып табылады. Папуа-Жаңа Гвинея мен Шығыс Тимор байқаушы мәртебесіне ие. Бұл - жиынтық ЖІӨ 2,6 трлн АҚШ долл., сыртқы сауда айналымы 2,5 трлн АҚШ долл. және халық саны 622 млн адамды құрайтын аса ірі өңірлік интеграциялық бірлестік.​