Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Ресей мен Беларусьтің Одақтық мемлекеті - ЕАЭО-ны дамыту драйверінің бірі»

Тигран Саркисян: «Ресей мен Беларусьтің Одақтық мемлекеті - ЕАЭО-ны дамыту драйверінің бірі»

10.12.2019
Одақтық мемлекет пен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бірін бірі өзара толықтырады, деп есептейді Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян. Бұл интеграциялық бірлестіктердің ерекшеліктері туралы ол Одақтық мемлекетті құру туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығына орайластырылған ғылыми-практикалық конференцияда айтты.

«Осы жыл Еуразиялық интеграцияның жылы болды – біз Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығын, Одақтық мемлекеттің 20 жылдығын, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бері 5 жыл болғанын атап өтудеміз. Менің ойымша, бұл қадамдастық-кездейсоқтық емес», – деп атап өтті Тигран Саркисян құттықтау сөзінде.

ЕЭК Алқасының Төрағасы интеграциялық құрылымдар өз дамуындағы маңызды кезеңді бастан кешіруде, интеграция бойынша мамандар тобы кеңейіп келеді, олардың кәсібилігі өсе түсуде деп санайды. Бұл перифериялық процестер емес, әрбір елдің ұлттық даму күн тәртібінің қомақты бөлігі.

«Ресей мен Беларусьтің Одақтық мемлекеті Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың тірегі әрі драйверінің бірі болды және болып қала береді», – деп санайды Тигран Саркисян. Бұл ретте ЕАЭО-да Одақтық мемлекеттегі интеграцияны тереңдетуге мүдделілік бар, сол сияқты Одақтық мемлекет те Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бес елдің интеграциясын тереңдетуге мүдделі. Логика қарапайым: егер Ресей мен Беларусь қандай да бір салада ынтымақтастықты тереңдететін болса, бұл интеграциялық процестерді одан әрі Еуразиялық одақтың кеңістігіне жеңіл әрі оңай көшіруге болады.

Мәселен, ЕАЭО-да 2025 жылға қарай бірқатар ортақ нарықтарды құру жоспарлануда. Бұл өте күрделі процесс және Ресей мен Беларусь осы мерзімнен бұрын Одақтық мемлекет шеңберіндегі консенсусқа келгенде, ЕАЭО шеңберінде келісілген позицияларға шығу мүмкіндігі айтарлықтай артады.

Сондай-ақ ЕЭК Алқасының Төрағасы Одақтық мемлекетте көптеген, соның ішінде Еуразиялық одақ қамтымайтын гуманитарлық саладағы бағдарламалар жұмыс істейтінін атап өтті. Көптеген мәселелер бойынша тәжірибе алмасу орын алады, өйткені мақсаттар сәйкес келеді және тараптар ортақ интеграциялық қағидаттарды басшылыққа алады. Егер жаңа идея пайда болса, онда оны кейде Одақтық мемлекет деңгейінде сынақтан өткізуге болады. Содан кейін ЕАЭО-ға қатысушы елдерге масштабталады.

«Одақтық мемлекет: жетістіктер, проблемалар, перспективалар» ғылыми-практикалық конференциясына Беларусь пен Ресейден 500-ге жуық қатысушы жиналды, олар биліктің барлық тармақтары, бизнестің, академиялық және мәдени қоғамдастықтың, жетекші БАҚ атынан өкілдік етті. Жалпы отырыстан басқа заңнаманы жақындастыру, бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, Одақтық мемлекеттегі әлеуметтік саясат, қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған алты тақырыптық секция өтеді.​