Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО кеңістігінде ортақ қайта сақтандыру сыйымдылығын қалыптастырумен жұмыс жүргізуде

ЕЭК ЕАЭО кеңістігінде ортақ қайта сақтандыру сыйымдылығын қалыптастырумен жұмыс жүргізуде

11.04.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) кеңістігінде ортақ қайта сақтандыру сыйымдылығын қалыптастырумен жұмыс жүргізуде. Оның нәтижесі ұлттық сақтандырушылардың Одақтың басқа елдерінің қайта сақтандырушыларымен қайта сақтандыру шарттарын жасасуына байланысты шектеулерді алып тастау болады. 

ЕЭК өкілдері бұл туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің сақтандыруды қадағалау органдары басшыларының мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің он бірінші отырысында мәлімдеді. Отырыстың қатысушылары ЕАЭО елдерінің сақтандыруды қадағалау органдарының, ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД Қаржы-банк кеңесінің, Мемлекетаралық үйлестіру кеңесіне қатысушы мемлекеттердің кәсіби сақтандыру қауымдастықтарының өкілдері болды.

Сақтандыру қызметінің өзекті мәселелері, соның ішінде сақтандыруды қадағалау және реттеу саласындағы істердің ағымдағы жай-күйі, қайта сақтандыруды ынталандыру, міндетті автосақтандыруды дамыту, АҚЖМС саласындағы электрондық құжат айналымы практикасы, трансшекаралық алаяқтыққа қарсы тұру мүмкіндіктері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Сақтандыру терминдерінің глоссарийін жасау мәселелері талқыланды.
 
Аса маңызды тақырыптардың бірі ТМД елдерінің қайта сақтандырушыларына осы салада жұмыс жасайтын ұлттық компаниялар үшін қолданыстағыға ұқсас мүмкіндіктерді ұсыну болды.

ЕЭК өкілдері атап өткендей, Одақ елдерінің сақтандырушылары үшін сақтандыру нарығына кемсітушіліксіз қолжетімділікті толық қамтамасыз ету лицензияларды өзара танығаннан кейін мүмкін болады. Бұл ортақ қаржы нарығы жұмыс істеуінің маңызды шарты болып табылады. 

Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қайта сақтандыру сыйымдылығын құру синергетикалық тиімділікке қол жеткізуге, ЕАЭО қайта сақтандыру нарығының көлемін арттыруға және мүше мемлекеттердің басқа елдердің қайта сақтандырушыларына жіберетін қайта сақтандыру сыйақысының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. 

ЕЭК өкілдері Одақ мүшелерін Комиссияның сақтандыру саласындағы ағымдағы жұмысы туралы хабардар етті. ЕЭК бірқатар құжаттарды – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру туралы келісім жобасын, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасрын үндестіру жоспарын әзірледі, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын дайындау бойынша жұмыс жүргізуде.

Үндестіру туралы келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру бағыттарын және тәртібін айқындайды. Үндестіру жоспары іс жүзінде ЕАЭО елдерінің сақтандыру және банк салаларындағы, бағалы қағаздар нарығындағы ұлттық заңнамасында көзделген нормалар мен талаптарды жақындастыру бойынша «жол картасы» болады. Құжат үндестіру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін қабылданады. Мүше мемлекеттердің қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға қойылатын нақты талаптар сақталатын айырмашылықтар ортақ қаржы нарығының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтіндей етіп түзетілетін болады. 

Мемлекетаралық үйлестіру кеңесі жанында Қайта сақтандыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобының құзыретіне ЕАЭО-да қайта сақтандыру нарығын дамытуды ынталандыру және трансшекаралық қайта сақтандыру кезінде тосқауылдарды алып тастау мәселелері жатады. Оның қатысушылары Еуразиялық экономикалық комиссияның және ТМД Қаржы-банк кеңесінің өкілдері болады. 

Анықтама: 
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сақтандыруды қадағалау органдары басшыларының мемлекетаралық үйлестіру кеңесі 2005 жылы 3 маусымда ТМД үкімет басшылары кеңесінің шешімімен құрылды және ТМД-ның сақтандыру саласындағы салалық ынтымақтастық органы болып табылады. 

Мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері ТМД мемлекет басшылары мен үкімет басшылары кеңестерінің шешімдерін орындау, сақтандыру заңнамасын үндестіру бойынша шаралар қабылдау, өзара іс-қимылды және өзара көмек көрсетуді кеңейту, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің сақтандыру ұйымдары арасында өзара тиімді байланыстар орнатуға жәрдемдесу болып табылады.