Жүйеге кіру
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасын іске қосты

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасын іске қосты

11.10.2016

3 қазаннан бастап 6 қазан аралығында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) аясында Венада Вена экономика және бизнес университетінің (Вена университеті) Аустриялық және халықаралық құқық институтымен және Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасының салтанатты ашылуы болды.

Бағдарлама үш жылға есептелген әрі ЕЭК жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі салық саясаты және салықтық әкімшілендіру саласындағы уәкілетті органдар мен Вена экономика және бизнес университетінің Аустриялық және халықаралық құқық институтының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес іске асырылады.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов қошемет сөзінде: «Еуразиялық фискалдық академия ЕАЭО мемлекеттеріндегі қаржы және салық ведомстволарының мамандарына анағұрлым өзекті және проблемалы мәселелер бойынша салық саясаты және салық салу саласындағы өздерінің білімі мен машықтарын айтарлықтай жоғарылата түсуге, мемлекеттердің халықаралық салық салу саласындағы тәжірибесін талдауға және жемісті нәтижелерін ЕАЭО-ға имплементациялауға мүмкіндік береді», - деп баса айтты.

Вена университеті тарапынан бағдарламаға басшылық жасауды Вена экономика және бизнес университетінің Аустриялық және халықаралық құқық институтының басшысы, профессор, құрметті доктор Михаил Ланг, сондай-ақ ЭЫДҰ Салық саясаты және әкімшілендіру орталығының бұрынғы директоры, Вена экономика және бизнес университетінің Аустриялық және халықаралық құқық институты жанындағы Жаһандық салық саясаты орталығының директоры, профессор, доктор Джеффри Оуэнс жүзеге асырып отырады.

Бағдарламаға Дүниежүзілік банк қаржылық қолдау көрсетті, оның тарапынан мемлекеттік сектор мәселелері жөніндегі аға маман Раджула Авасти жетекшілік жасайды.

Вена университетінің көпжылдық оқытушылық және зерттеушілік тәжірибесі бар жетекші ғылыми қызметшілері, сондай-ақ халықаралық салық салу бойынша шұғылданып жүрген сарапшылар, соның ішінде Ernst & Young халықаралық аудиторлық-консалтингілік компанияның өкілдері семинарлардың оқытушылары болып отыр.

«Интеграциялық бірлестіктің, халықаралық қаржы ұйымының және халықаралық оқыту орталығының өзара іс-қимылы Қырғызстандағы салық саласында жүргізіліп жатқан реформалардың сапасын, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымы – Дүниежүзілік банктің бағдарламаларын іске асырудың тиімділігін жоғарылата түсуге мүмкіндік береді», – деп атап айтты бағдарламаға қатысушылардың бірі, Қырғызстан делегациясын бастап барған Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік салық қызметінің төрағасы Замирбек Осмонов.

Бағдарламаның бірінші кезеңі шеңберінде Одақтағы мемлекеттердің қаржы және салық органдарының және ЕЭК қызметкерлері «Салық келісімдері және ақпарат алмасу» семинарларына қатысты. Қосарланған салық салуды және салық төлеуден жалтаруды болдырмау туралы келісімдерді жетілдірудің ықтималды тәсілдері зерделенді, әлемде солардың қолданылуына қатысты нақты мысалдар, олардың қазіргі замандағы шындыққа жанасуы талданды, және мен BEPS жобасының шеңберінде салықтар саласында ақпарат алмасуды жаңғырту мәселелері қаралды.

Басталған академиялық «Еуразиялық фискалдық академия» бағдарламасының іске асырылуы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде халықаралық салық салу саласында білікті кадрлардың санын арттыруға, ЕАЭО мемлекеттеріндегі салық қызметтері мен ведомстволары қызметкерлерінің кәсіби жағынан араласып отыруын және үнемі тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуге арналған.

ЕЭК, Вена университеті мен Дүниежүзілік банк «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасының кейінгі семинарларын ұйымдастырып, өткізгенде салық саясаты мен әкімшілендіру тұрғысындағы ынтымақтастықты жалғастыруға әрі тереңдете түсуге уағдаласты. Келесі семинарлар 2017 жылғы сәуірде өткізілмек және трансферттік баға белгілеу проблемаларына арналады.

Анықтама

Вена университетінің Аустриялық және халықаралық құқық институты –корпоративтік және халықаралық салық салу саласында зерттеулермен және оқытумен айналысатын әлемдегі аса ірі институттардың бірі, Вена қаласында устрия) орналасқан. Институтта халықаралық салық салу мәселелері саласында белсенді ғылыми және зерттеушілік қызмет жүргізілуде.

ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) 1960 жылы негізі қаланған және Еуропаның 34 мемлекетін, сондай-ақ АҚШ пен Канаданы біріктіріп отыр. Ұйымның міндеті – қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсуін оңтайландыру мақсатында олардың арасында тиімді ынтымақтастық жасау.

BEPS  (Base Erosion and Profit Shifting) – салық салынатын базаны жасыруға және пайданы салық салудан шығаруға қарсы іс-қимыл жөніндегі ЭЫДҰ іс-шараларының (15 іс-шара) жоспарлары.