Жүйеге кіру
Ресей ЕАЭО елдері үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің мемлекеттік сатып алу нарығын ашады

Ресей ЕАЭО елдері үшін бағдарламалық қамтамасыз етудің мемлекеттік сатып алу нарығын ашады

12.04.2019
Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі Электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалардың және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер дерекқорларының бірыңғай тізілімі пайдалануға енгізілгені туралы хабарлады. Бағдарламалық өнімдер тізіліміне енгізу олардың ЕАЭО елдеріндегі құқық иеленушілерінің Ресейдегі мемлекеттік сатып алуларға ресейлік компаниялармен қатар қатысуына мүмкіндік береді.

Ресей Федерациясында Одақ елдерінен шығатын бағдарламалық қамтамасыз етуге жол беруге тыйым салуды енгізумен байланысты туындаған мемлекеттік және муниципалдық сатып алуларға қойылған тосқауыл ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілердің келісілген тізбесіне енгізілген еді (Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2017 жылғы 3 наурызда мақұлдаған «Еуразиялық экономикалық одақтың тосқауылдары, алып қоюлары және шектеулері» баяндамасына қосымша). Ресей Үкіметінің қаулысымен 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Одақ елдерінен шығатын бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға тыйым жойылды әрі электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалардың және ЕАЭО мемлекеттерінің дерекқорларының бірыңғай тізілімін қалыптастыру мен енгізу қағидалары бекітілді. Сонда да іс жүзінде бұл тізілімнің болмауы таяудағы уақытқа дейін Одақ елдерінің бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілеріне Ресейдегі бағдарламалық өнімнің мемлекетік сатып алуларына қатысуға мүмкіндік бермей келді.