Жүйеге кіру
ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов Одақта жұмыс істейтін ЕАЭО азаматтарына арналған преференциялар туралы айтып берді

ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов Одақта жұмыс істейтін ЕАЭО азаматтарына арналған преференциялар туралы айтып берді

12.05.2016

12 мамырда Мәскеуде «Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі әлеуметтік сақтандыру. Практика, проблемалар, перспективалар» атты халықаралық конференцияда Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменов Одақ елдерінде еңбек қызметін жүзеге асырған кезде мүше-мемлекеттердің азаматтарына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы Шартпен ұсынылатын преференциялар туралы әңгімелеп берді.

Конференцияны Еуразиялық экономикалық комиссияның қолдауымен Ресей Федерациясының  Әлеуметтік сақтандыру қоры ұйымдастырды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, әлеуметтік қорлар мен сақтандыру компанияларының, коммерциялық емес және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ Одақ елдері бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Сөз сөйлеу барысында Тимур Сүлейменов мүше мемлекеттердің еңбекшілерін әлеуметтік қамсыздандыру саласы ЕАЭО елдерінің интеграциялық ынтымақтастығының маңызды бағыты болып табылады деп атап өтті. Одақ туралы Шартқа сәйкес ЕАЭО барлық еңбекшілері әлеуметтік қамсыздандыруға тең құқықтарға ие. «Еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында және ана болуға байланысты міндетті сақтандыру, өндірістегі жазатайым жағдайлардан және кәсіби аурулардан міндетті сақтандыру және міндетті медициналық сақтандыру беріледі», - деді ЕЭК Министрі. – Бұл жеткілікті түрде шығынды және біздің ниетіміздің, біздің елдеріміздің достастық қатынасының барынша шынайылығын көрсетеді».

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ЕАЭО-да халықты әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесінің жұмыс істеуі жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді, мүше мемлекеттердің еңбек ресурстарын кеңейтеді әрі нығайтады, ол түптеп келгенде экономикалық өсуге, Одақ азаматтарының өмірі мен әл-ауқаты деңгейінің артуына ықпал ететін болады.

Жеке тұлғалардың табыстарына салық салу бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың да маңызы зор. «Әр елде резиденттер мен резидент еместердің мөлшерлемелері арасында үлкен айырмашылықтар бар екенін», – еске салды ЕЭК Министрі. – Мысалы, ол Ресейде тиісінше 30 және 13% құрайды. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес біздің елдеріміздің еңбекшілеріне бірінші жұмыс күнінен бастап резиденттік мөлшерлеме бойынша салық салынады. Бұл интеграциядан  болатын үлкен «артықшылық».

Конференцияға қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуі, Одақ мемлекеттеріндегі әлеуметтік сақтандыру қорларының құқықтық мәртебелерін салыстырмалы талдау, қазіргі заманғы экономикалық жағдайда бюджет қорларын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Одақ елдерінде оңалту инфрақұрылымын дамыту, оңалту индустриясы саласында ұлттық өндірістер құруды ынталандыру қажеттігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.