Жүйеге кіру
Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және ЕАЭО мүше мемлекеттердің бюджеттері кірісіне бөлу бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу туралы келісім жобасы мақұлданды

Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және ЕАЭО мүше мемлекеттердің бюджеттері кірісіне бөлу бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу туралы келісім жобасы мақұлданды

12.07.2016

11 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі Кедендік әкелу баждары (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің бюджеттері кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу туралы келісім жобасын мақұлдады.

Бұл кедендік әкелу баждары (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларының мүше мемлекеттердің бюджеттері кірісіне толық және уақытылы келіп түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Келісім жобасы ЕАЭО мемлекеттерінің жоғары қаржылық бақылау органдары жүргізіп отырған бірлескен бақылау іс-шараларының мақсаттары мен объектілерін, оларды өткізу және нәтижелерін ресімдеу тәртібін айқындайды.

Құжат Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттаманы (ЕАЭО туралы шартқа № 5 қосымша) іске асыру мақсатында әзірленді.

Құжатта анықталған бұзушылықтарды жою және ұсыныстарды іске асыру тетіктері қамтылған. Одаққа мүше мемлекеттің үкіметі жиынтық есепті алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде оны өз мемлекетінің органдарына орындау үшін жолдауға тиіс болады деп көзделуде, ол үш ай мерзім ішінде анықталған бұзушылықтарды жоюға, осы ұсыныстарды іске асыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға және ол туралы өз мемлекетінің үкіметіне және жоғары қаржылық бақылау органына хабарлауға міндетті. Кедендік әкелу баждарын бөлуден түскен сомаларды аудару бойынша міндеттемелер орындамалған немесе толық және уақытылы орындамалған жағдайда. мүше мемлекеттер Хаттамаға сәйкес өткізіп алған  мерзімі үшін пайыздар төлеуі тиіс болады. Оған аумағында осындай бұзушылықтар анықталған мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген жауапкершілік шаралары да қолданылатын болады.

ЕАЭО елдері уәкілетті органдарының Хаттама ережелерін сақтауын тексеруді Армения Республикасының Бақылау палатасы, Беларусь Республикасының Мемлекеттік бақылау комитеті, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қырғыз Республикасының Есеп палатасы және Ресей Федерациясының Есеп палатасы бірлескен бақылау іс-шаралары шеңберінде жыл сайын жүзеге асырады.

Әңгіме мыналарды:

- мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлуге жататын кедендік әкелу баждары сомаларының мүше мемлекеттің уәкілетті органының бірыңғай шотына есепке жатқызылуын;

- мүше мемлекеттер уәкілетті органдарының осы сомаларды толық және уақытылы аударуын;

- мүше мемлекеттер уәкілетті органдарының Одақтың әрбір елі үшін белгіленген кедендік әкелу баждары сомаларын бөлудің нормативтерін сақтауын тексеру және бақылау туралы болып отыр.

Бірлескен бақылау іс-шаралары осы кезеңде ЕАЭО органдарында төрағалық ететін мүше мемлекеттің жоғары қаржылық бақылау органы әзірлеген бағдарлама бойынша өткізіледі. Осы іс-шаралар жыл сайын әрбір мүше мемлекеттің уәкілетті органында жүзеге асырылады және есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей барлық қатысушы елдердің аумағында аяқталуы тиіс.

Келісім жобасы ЕАЭО елдерінде мемлекетішілік келісуден өтті.