Жүйеге кіру
ЕАЭО-да контрафактілік өнімді есепке алудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынды

ЕАЭО-да контрафактілік өнімді есепке алудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынды

12.11.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов 12 қарашада Ереванда (Армения Республикасы) «Антиконтрафакт-2019» халықаралық форумының жалпы отырысында контрафактілік өнімді әкелудің, өндірудің және өткізудің анықталған жағдайлары, сондай-ақ Интернет желісінде зияткерлік меншік объектілерінің заңсыз таралуы туралы ақпаратты есепке алудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынды.

 

ЕЭК министрінің сөзінше, контрафактілік өнім айналымының өсуі – әлемдік үрдіс. Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) да контрафакті көлемі жыл сайын арта түсуде.

«Одақ елдері кеден қызметтерінің статистикасына сәйкес, 2018 жылы 17,3 млн бірлік контрафактілік өнім анықталды, бұл 2017 жылғыдан (11,2 млн бірлік) 54% артық және 2014 жылмен салыстырғанда (10 млн бірлік) 73% артық», – деп хабарлады Тимур Жақсылықов.

 

Ол электрондық коммерцияның құлаштап дамуы бұл жағдаятты күшейте түсті деп толықтырды. Контрафактілік және пираттық тауарлар көбінесе әлеуметтік желілер мен мобильді қолданбалар арқылы сатылады.

 

«Бізге контрафактілік өнімнің таралуына қарсы тұруға мүмкіндік беретін Еуразиялық ауқымдағы тиімді механизмдер қажет. Сол себепті біз контрафактілік өнімді әкелудің, өндірудің және өткізудің анықталған жағдайлары, сондай-ақ Интернет желісінде зияткерлік меншік объектілерінің заңсыз таралуы туралы ақпаратты есепке алудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынамыз. Интернет желісінде зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтың бұзылуының жолын кесу үшін келісілген тәсілдемелерді тұжырымдау қажет деп санаймыз», – деп мәлімдеді Тимур Жақсылықов.

 

ЕЭК министрі бұл механизмдердің тиімді жұмыс істеуі үшін білім экономикасын қалыптастыру жағдайларында кадрлардың кәсіби деңгейін арттырудың нысаналы бағдарламаларын жасауға шейін, зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықты қорғау саласында мамандар даярлау қажет екендігін атап көрсетті.

 

Контрафактімен күресуге Комиссия құрған Одақ мемлекеттері зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі механизмі де көмектесе алады, оның мақсаты – ЕАЭО-ның барлық елінің аумағында зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықты қорғауды қамтамасыз ету.

 

«Контрафактімен күрес зияткерлік меншік құқығын иеленушілердің ғана емес, сол сияқты олардың іскер әріптестерінің, соның ішінде қаржылық мекемелердің, сауда платформаларының, жарнама агенттіктері мен көлік-экспедиторлық компанияларының да ортақ назарында болуға тиіс. Тұрақты бірлескен жұмыс нәтижесінде ғана болашақта табысқа жетуге болады», – деп түйіндеді Тимур Жақсылықов.

 

 «Антиконтрафакт-2019» жетінші халықаралық форумы 12-13 қарашада Ереванда өтеді. Бұл - зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықты қорғау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімінің заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет бойынша халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, бизнес пен жұртшылық өкілдерінің тілдесімде болуына арналған ашық алаң.