Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Бірлесе отырып күрделілікті еңсерудің және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасаудың жеңіл екендігіне бүгінде барлық елдер көз жеткізіп отыр»

Тигран Саркисян: «Бірлесе отырып күрделілікті еңсерудің және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасаудың жеңіл екендігіне бүгінде барлық елдер көз жеткізіп отыр»

12.11.2019
11 қарашада Мәскеуде «Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығының қорытындылары: Еуразиялық интеграцияның жаңа өлшемі» ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Сотының Төрағасы Жолымбет Бәйішев, Ресей және Белоруссия Одақтық мемлекетінің мемлекеттік хатшысы Григорий Рапота, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ЕЭК Алқасының мүшелері (министрлер) және ЕАЭО елдері ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтарының өкілдері Еуразиялық интеграцияның даму қорытындыларын шығарды. Жалпы сессияның модераторы ЭЖМ ҒЗУ әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы Сергей Караганов болды.

Конференцияның ұйымдастырушылары - Еуразиялық экономикалық комиссия және «Экономика жоғары мектебі» ҒЗУ. ЕЭК, ЕАЭО елдері билік органдарының және академиялық қоғамдастықтарының өкілдері Одақтың дамуын және интеграцияның перспективаларын талқылады, бірқатар проблемалық нүктелерді анықтады және бес ел ынтымақтастығының бұдан арғы жолдарын айқындады.

 

Конференцияны аша келіп, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян «Біздің кеңістігімізде Еуразиялық экономикалық одаққа балама жоқ» деп атап өтті. Мұны әлемдік даму айғақтайды. Бүгінде әлемде 50-ге тарта өңірлік экономикалық бірлестік бар. Бұл өткен ғасырдың ортасында басталған жаһандық тренд. «Бірлесе отырып күрделілікті еңсерудің және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасаудың жеңіл екендігіне бүгінде барлық елдер көз жеткізіп отыр», – деп атап көрсетті Тигран Саркисян.

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы Комиссия ЕАЭО-мен диалогқа мүдделі өңірлік бірлестіктер тарапынан ынтымақтастық туралы ондаған ұсыныстар алып жатқанын хабарлады; өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасасылуда. Атап айтқанда, таяуда Сочиде Африка одағымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. «ЕАЭО неғұрлым интеграцияланған өңірлік бірлестіктердің бірі болып табылады, Одақ – Еуропалық одақтан кейінгі екінші орында», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.

 

Одақ жетістіктерінің арасынан Тигран Саркисян ұлтүсті органы - ЕЭК қалыптасуын атады. Комиссия мақсаттарының арасында – тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету бар. Одақтық Шартта бұл еркіндіктерді іске асырудың белгілі бір мерзімдері көрсетілген. 2025 жылға дейін ЕАЭО-нің осы түйінді құжатына салынған барлық механизмдер іске қосылуға тиіс. Атап айтқанда, бұл электр энергиясының, газдың, мұнайдың және мұнай өнімдерінің, көліктің ортақ нарығын және қаржы нарығын қалыптастыру.


Бірқатар алға қойылған мақсаттарға ЕАЭО айтарлықтай дәрежеде жақындағанымен, Комиссияның күн тәртібінде тұрған, әлі де шешілмеген айтарлықтай мәселелер бар. Бәрінен бұрын бұл ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру жолындағы қазіргі бар тосқауыларға, алып қоюларға, шектеулерге байланысты интеграцияның жеткіліксіздігін еңсеру. ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары осы міндетті ұдайы көрсетіп келеді.

 

Тигран Саркисян осыған байланысты ЕЭК-тің келісілген саясат жүргізу және жаңа кедергілердің пайда болуының жолын кесу үшін ұлттық заңнаманы үндестіру бастамасын көтергенін айтты. «Осы жылы Комиссия одақтық Шартта жазылып қойылған, біз бірлесіп алға жылжуға тиіс 18 бағыт бойынша ЕАЭО елдері парламенттерімен кооперацияда үндестіру бағдарламасын әзірледі. Бұл біздің интеграциямызды тереңдетудің стратегиялық бағыты», – деп мәлімдеді Тигран Саркисян.

 

Алайда ЕАЭО-ның ең маңызды әлеуеті – адами капитал. «Біздің интеграциялық бірлестігіміздің болашағы көп ретте бұл жобаға жастарды қалай тартатынымызға, олардың бойына Еуразиялық интеграция идеясын сіңіре білуімізге, жас бірлестігіміздің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді оларға жеткізе алуымызға байланысты, – деді ЕЭК Алқасының басшысы. – Сол себепті біз Еуразиялық күн тәртібін оқып үйренетін және мамандар даярлайтын Экономика жоғары мектебімен, басқа да әріптестерімізбен - ЕАЭО елдерінің ЖОО-мен диалогқа өте маңызды мән береміз. Біз олармен дүркін-дүркін кездесулер, семинарлар, талдау сессияларын өткізіп тұрамыз. Осы қозғалыстың арқасында біз қозғаушы күш болып табылатын, жобамызды нығайтып, тез алға жылжуға қызмет ететін Еуразиялық элитаны қалыптастыруға үміттенеміз».


ЕАЭО-ның халықаралық тректегі жетістіктері туралы айта келіп, Тигран Саркисян бұл жерде ЕЭК-ке өкілеттіктер де, құралдар да, оны іске асыру құқығы да берілген деді. Интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасылған, еркін сауда аймағын (ЕСА) қалыптастыру жөнінде сауда келіссөздері ойдағыдай жүргізілуде. Қазірдің өзінде Вьетнаммен ЕСА жұмыс істейді. Иранмен еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісім, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жұмыс істей бастайды. Сингапурмен, Сербиямен ЕСА туралы келісімдер жасасылды. ЕЭК Мысырмен, Үндістанмен, Израильмен келіссөздер жүргізуде. Бұл Одақ елдері Президенттері айқындаған басымдықты елдер.

 

Бұл ретте ЕЭК Алқасының басшысы интеграциялық бірлестік алдына қойылған мақсаттар мен Комиссияға берілген құралдар, құқықтар, өкілеттіктер арасындағы қазіргі бар белгілі бір асимметрияны атап өтті. «ЕЭК өкілеттігі жоқ жерде алға ілгерілеудің баяу екенін көреміз, рәсімдерден, елдердің позициясын келісуден төрешілдікке салыну байқалады, нәтижесінде біз алға қарай жеткілікті түрде тез әрі тиімді жылжымай отырмыз деген белгілі бір күмәншілдік, сын пайда болатынын байқаймыз. Бұл тақырыпты біз премьерлердің, президенттердің деңгейінде, Одағымыздың бұдан да тиімді бола түсуі үшін ұлтүсті органға қандай өкілеттіктер беру керектігі орайында талқылаймыз. Бүгінгі форум шеңберінде бұл тақырып талқыланады деп үміттенеміз, сіздердің ұсынымдарыңыз бен ұсыныстарыңыз біздің жобамыздың алға жылжуына көмектесетіні сөзсіз», – деп атап көрсетті Тигран Саркисян.

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы ғылыми-сарапшы қоғамдастықты Комиссия бизнестен, ЕАЭО елдерінен алып жатқан жаңа идеялар мен ұсыныстарды талқылауға қатысуға шақырды.


ЭЖМ ҒЗУ әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы Сергей Караганов «соңғы екі жылда ЕЭК-тің белсенділік көрсеткені байқалды және тиісінше біздің ғылыми қоғамдастық та қолдау көрсетті, соның ішінде бұл белгілі бір дәрежеде Тигран Суреновичтің қызметімен байланысты» деп атап көрсетті.

 

ЕАЭО Сотының Төрағасы Жолымбет Бәйішев ЕАЭО Соты қандай мақсатпен құрылғанын айтып берді. ЕАЭО туралы шарттың – кодификацияланған заңды құжаттың – дұрыс түсіндірілуі мен қолданылуы мәселелерімен ЕАЭО шеңберінде арнайы құрылған сот органы айналысады. Сот мемлекеттер өз арасында айқындаған уағдаластықтарды қорғайды. Бұл орган ЕАЭО шеңберінде қабылданған кез келген нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін бақылаумен ғана емес, сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілерді іс жүзінде қорғаумен айналысады. Соттың жүргізуінде – монополияға қарсы мәселелер бойынша және айыппұл санкцияларын қолдану, кедендік реттеу мәселелері бойынша істерді қарау да бар. Яғни, ЕАЭО шеңберінде қабылданған шешімдерге қатысты шаруашылық жүргізуші субъектілер дау айтатын бүкіл экономикалық блок Сот құзыретіне кіреді. Жолымбет Бәйішевтің сөзінше, сотқа қатысы бар шетелдік мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктер ЕАЭО Сотының бар болуы мен оның құзыретін оң бағалайды.

 

ЕАЭО Сотының Төрағасы Одақ елдері жастарын ЕАЭО Сотының қызметімен таныстыру үшін ЖОО-да Еуразиялық одақ құқығы арнаулы курсын енгізуді ұсынды. Сондай-ақ ол ЕАЭО шеңберінде Еуразиялық құқық тәртібі туралы айту бастамасын көтерді және «Сот жанынан немесе Соттың қатысуымен Лондондағы және басқа жерлердегі сияқты танымалдыққа ие болатын төрелік орталық құру туралы, біздің шаруашылық жүргізуші субъектілеріміздің осы органға жүгіне алу мүмкіндігі болатындығы туралы ойланған жөн. Сонда халықаралық дауларды шешу кезінде біз жиі көргіміз келетін объективтілік қамтамасыз етілген болар еді».

 

Ресей және Белоруссия Одақтық мемлекетінің мемлекеттік хатшысы Григорий Рапотаның пікірінше, бүгінгі конференция – дұрыс бағыттағы қадам. Ол сарапшылық қоғамдастықтың қолдауы интеграцияның дамуы үшін қажет екенін атап өтті. Бұл ретте интеграциялық процестер шеңберінде әрбір мемлекет төлеуге дайын бағаны бағалау қажет. ЕАЭО болашағы жасампаздық қызметте күш-жігерді біріктіруде деп санайды Григорий Рапота. Ол сондай-ақ басқа интеграциялық бірлестіктермен өзара іс-қимылдың мүмкіндіктерін тұрақты іздеуді ұсынды.

 

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен ЕЭК өзара іс-қимыл туралы екі меморандумды іске асырып жатқанын атап өтті. Өткен жылы құжат жаңартылды. ТМД Атқарушы хатшысының пікірінше, ол жаңа шындықтар мен мән-жайларды бейнелейді және тиімді іске асырылуда.


Сергей Лебедев ЕЭК-пен өзара іс-қимылды және тұтастай Комиссия қызметін жоғары бағалады: «ЕЭК-тегі әріптестерімізбен атқарылған тәжірибе баға жеткісіз. Мен әріптестеріміздің жұмыс тәжірибесін зор қанағатпен өте оң бағалаймын. Олардың ЕО елдеріне қарағанда интеграциялық жолды анағұрлым тез жүріп өткені мұның дәлелі болып табылады. Олар тез жүріп келеді. Бұл жобаның табыстылығын білдіреді. Олардың перспективасы жақсы. ЕАЭО-ға қосылуға әлемнің көптеген мемлекетінің ынта білдіріп отыруы да ЕАЭО-ның табысты бірлестік екенін көрсететін факт».


ЭЖМ ҒЗУ проректоры Иван Простаков Еуразиялық интеграция тақырыптамасының Экономика жоғары мектебі үшін сарапшылық жұмыстағы басым бағыттардың бірі болып табылатындығын айтты. Еуразиялық интеграция ЖОО зерттеушілерінің, ғалымдарының ортақ назарында. «Біз үшін Еуразиялық жас ұрпақты қалыптастыру маңызды», – деп мәлімдеді ол.

 

ЕЭК-тің Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина: «Үлкен Еуразия – жай әлдебір саяси ұран емес, бұл біз үшін қызық әріптестерге арналған нарықтар ашуға, экономикалық және инфрақұрылымдық өзара байланысқа, халықаралық кооперацияны дамытуға негізделген экономикалық мүдде. Бұл біздің экспортымызды қолдаудың жүйелі құралы», – деп атап өтті.

 

ЕЭК-тің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Нурлан Акматов өз баяндамасында Еуразиялық интеграцияның кедендік әкімшілік жүргізуден басталған фактісіне назар аударды. Сол себепті Одақтағы өзінің бес жылдығын атап өткен бірыңғай кедендік реттеу - біріздендіру мен іс-қимылды келісудің жоғары деңгейіне қол жеткізілген сала екені заңдылық. Министрдің пікірінше, мүше мемлекеттердегі кедендік реттеудің бірыңғай қағидалары экономикалық өсуге, бизнес-климатты жақсартуға және Одақтың транзиттік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Серік Жұманғариннің сөзінше, қазір ЕАЭО нормативтік құқықтық базасын жетілдірудің, алдын ала сақтандыру мен алдын ала ескерту құралдарын ендірудің маңызы зор.

ЕЭК министрі сондай-ақ ЭЖМ – Сколково Құқық және даму институтымен ынтымақтастық туралы айтты, оның шеңберінде Комиссияның тапсырысы бойынша үстіміздегі жылы институт «Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту және жауапкершіліктен босату мәселелері, халықаралық тәжірибені қарау бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасын және құқық қолдану практикасын талдау» тақырыбына арналған ҒЗЖ орындады.


Анықтама

Конференция бағдарламасында – Еуразиялық күн тәртібінің түйінді басымдықтарын талқылау:

• ЕАЭО және сыртқы әлем: жаһандық протекционизмнің көтерілуі жағдайындағы интеграция;

• Еуразиялық ынтымақтастық ортасы («soft infrastructure»): ЕАЭО шеңберінде ортақ (бірыңғай) нарықтардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету құралы ретінде ұлттық заңнаманы үндестіру және ұлтүсті реттеудің сапасын арттыру;

• Еуразиялық ынтымақтастық ортасы («hard infrastructure»): энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, Еуразиялық брендтер;

• Еуразиялық интеграцияның цифрлық өлшемі.