Жүйеге кіру
ЕАЭО-да Интернет желісіндегі контрафактіге қарсы күрес жұмысы жандандырылады

ЕАЭО-да Интернет желісіндегі контрафактіге қарсы күрес жұмысы жандандырылады

12.11.2019
2016–2018 жылдары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде 50 миллионнан астам контрафактілік тауар айналымнан алынды. Заңсыз өнімдер мен пираттық контенттің өсуі көбінесе Интернет-сауданың дамуына байланысты. Цифрлық ортада контрафактілік өнімдер мен пираттық контентке қарсы күрес механизмдерін жетілдіру Ереван қаласында 12-13 қарашада өткен «Антиконтрафакт-2019» халықаралық форумының «ЕАЭО-дағы зияткерлік меншік: контрафактісіз болашақ» секциясының жұмысы барысында талқылаудың түйінді тақырыбына айналды.
Секция модераторы - Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева, спикерлер - Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заң компаниялары мен бизнес-қауымдастықтарының өкілдері болды.
«ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды бұзу санының өсуі байқалуда. Одақ елдеріне контрафактілік тауарлардың айналымына қарсы тұру үшін үйлестірілген шаралар қажет екені анық», - деп атап өтті Ғалия Жолдыбаева.
Секцияға қатысушылар ЕАЭО-дағы құқық қолдану мен сот практикасын, сондай-ақ контрафактілік және пираттық контентке қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін және оның Одақ құқығына имплементациясы тәсілдемелерін талқылады.
«ЕАЭО-да цифрлық ортадағы зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қарсы келісілген тәсілдемелерді әзірлеу мен ендіру Интернеттегі пираттық контентке және контрафактілік өнімдердің айналымына қарсы күрес шеңберінде оң нәтиже береді деп санаймын. Біз халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылыми топтардың өкілдерін осы тәсілдемелерді әзірлеуге және әрі қарай іске асыруға қатысуға шақырамыз», - деп түйіндеді Ғалия Жолдыбаева.

 Анықтама

«Антиконтрафакт-2019» жетінші халықаралық форумы 12-13 қарашада Ереванда өтуде. Бұл халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бизнестің және жұртшылық өкілдерінің зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тілдесімінің ашық алаңы.​