Жүйеге кіру
Сергей Глазьев: «ЕАЭО-ның басты басымдығы - ұзақ мерзімді экономикалық өсудің жоғары қарқынына жету»

Сергей Глазьев: «ЕАЭО-ның басты басымдығы - ұзақ мерзімді экономикалық өсудің жоғары қарқынына жету»

12.12.2019

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Глазьев 11 желтоқсанда Мәскеуде өткен Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитет отырысында мәлімдеді.

Отырысқа қатысушыларға экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштер мәндерінің мониторингі нәтижелері, сондай-ақ экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ЕЭК ұсынымдары туралы ақпарат ұсынылды. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің шекті мәнінен ауытқу жағдайларының саны қысқарады деп күтілуде. Бұл ЕЭК ұсынымдарын практикалық қолданудың оң нәтижесі болады. Консультативтік комитет сондай-ақ ұсынымдар мен бірлескен шараларды әзірлеу және қабылдау тәртібінің жаңа редакциясын мақұлдады.

Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар Одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят туралы талдамалық баяндаманың жобасын және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарады.

«ЕАЭО-ның басты басымдығы - ұзақ мерзімді экономикалық өсудің жоғары қарқынына қол жеткізу. Ол үшін жұмыспен қамту және еңбек өнімділігін арттыру үшін құрылымдық кедергілерді жоюға, өндірістік қуаттардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге, инновациялық және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға назар аудару қажет», – деді Сергей Глазьев.

Консультативтік комитет 2020 жылға арналған Одақ мемлекеттеріндегі өзара сауда болжамын және оны әзірлеу механизмін мақұлдады. Бұдан әрі Комиссия тараптармен бірлесіп төлемдерді жасау валютасын ескере отырып, өзара сауданы бағалау мүмкіндігін зерделеу жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Бұдан өзге, отырысқа қатысушылар Одақ мемлекеттерінің жинақталған тәжірибесін, сондай-ақ әлемдік тәжірибені ескере отырып, ұлттық бюджеттік қағидаларды жетілдіру бойынша Комиссия дайындаған ұсынымдарды қарады. Сергей Глазьев бұл ұсынымдарды мүше мемлекеттердің бюджеттік қағидаларының тиімділігін экономикалық дамуға, инвестициялар серпініне, өсудің әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалануға әсері тұрғысынан талдаумен толықтыруды ұсынды.

Комитет мүшелері экономикалық дамудың сыртқы және ішкі жағдайларына байланысты экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштер тізбесін қайта қарау туралы ұсынысты талқылады. «ЕАЭО-да экономикалық өсімнің орнықтылығын және инвестиция серпінін неғұрлым айқын көрсететін макроэкономикалық көрсеткіштердің теңдестірілген жиынтығын әзірлеу қажет», – деп атап өтті Сергей Глазьев.

Отырысқа Консультативтік комитеттің мүшелері, мүше мемлекеттердің қаржы-экономикалық блогы министрліктерінің және ұлттық (орталық) банктерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет - Молдова Республикасының, Әзербайжан Республикасының, ТМД Атқарушы комитетінің және Мемлекетаралық банктің өкілдері қатысты.​