Жүйеге кіру
Еуразиялық интеграцияның маңызды бағыттары – сауда және қаржы саясатын іске асыру

Еуразиялық интеграцияның маңызды бағыттары – сауда және қаржы саясатын іске асыру

12.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина мен ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов 11 желтоқсанда «Еуразиялық экономикалық одақ: 5 жыл - ұшу қалыпты ма?» конференциясы шеңберіндегі «Еуразиялық интеграция – тиімді ынтымақтастыққа қарай алдағы қадамдар» пікірсайысы барысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сауда саясатының өзекті міндеттері, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада оның даму перспективалары, қаржы саласындағы интеграция, ЕАЭО ортақ қаржы нарығын құру және қызметтер көрсетудің өзара саудасын ырықтандыру туралы айтып берді. Іс-шараны Ресейдегі Америкалық Сауда палатасы және Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп Америка-Ресей Іскерлік кеңесі ұйымдастырды.

Вероника Никишина өзінің сөзін соңғы бес жылда ЕАЭО елдерінің сауда саясатын дамыту қорытындыларына арнады, Комиссияның үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жұмысы, Вьетнаммен сауда келісімін іске асырудың нәтижелері туралы әңгімеледі.

«ЕАЭО-ның сауда саясатының құралдары қалыптасқандық пен тиімділікті дәлелдеді, – деп атап көрсетті ЕЭК министрі. – Біз бұрынғысынша бастамашыл сауда саясатын ұстанамыз, сыртқы экономикалық реттеу құралдарымыздың өндірушілер, тұтынушылар, экспорттаушылар мен импорттаушылар мүддесіне орай пәрменді, заманға сай, мөлшерлес және атаулы жұмыс істеуіне тырысамыз».

Талқылау барысында ЕАЭО-да тауарларды таңбалау жүйесін енгізуге айрықша назар аударылды. ЕЭК министрі жүйені дамытудың негізгі тәсілдемелері, ендіру кезеңділігі және таңбаланатын өнімнің номенклатурасын кеңейту перспективалары туралы әңгімеледі. «Бірінші кезекте заңсыз айналымдағы үлесі өте жоғары тауарлар номенклатурасын ғана таңбалау керек немесе контрафактінің азғантай мөлшерінің өзі халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, – деп атап өтті Вероника Никишина. – Бұл ретте таңбалау кезіндегі түйінді жәйіттердің бірі - бизнес пен тұтынушылар үшін шығындардың артық және негізсіз өсуі болмауға тиістігі».

Өз кезегінде Тимур Жақсылықов Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді дамытудың маңызды бағыттарының бірі - қаржы саласындағы интеграция және Одақтың ортақ қаржы нарығын құру болып табылатынын атап өтті.

«Ортақ қаржы нарығының тиімді архитектурасы капиталдың еркін қозғалысы үшін жағдай жасауға, қаржылық қызметтер көрсетудің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін көтеруге, инвестициялық бизнестің тиімділігін арттыруға, қаржы нарықтарының бәсекеге қабілеттілігі мен капиталдандырылуын өсіруге мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті Тимур Жақсылықов. – Ортақ қаржы нарығын қалыптастырумен қатарлас біз қаржы саласындағы заңнаманы үндестіруге кірісеміз, бұл оның табысты жұмыс істеуі үшін қажетті шарт болып табылады».

ЕЭК министрі сондай-ақ өз сөзін ЕАЭО шеңберінде бірыңғай қызметтер көрсету нарығы жұмыс істейді, оның қалыптасуы қазір де жалғасуда, деп толықтырды. Атап айтқанда, бүгінде бірыңғай нарық 53 секторда жұмыс істейді және ырықтандыру жоспарларын іске асыру есебінен оны кеңейту жүріп жатыр.

«Біздің алдымызда қазір тосқауылдарсыз бірыңғай қызметтер көрсету нарығының жұмыс істей бастауын қысқа мерзімде қамтамасыз етуге негіздей отырып, ырықтандыру жоспарларын іске асыру бойынша жұмысты жандандыру міндеті тұр. Бұдан басқа, ЕАЭО елдерінің үкіметтері одақтық актілер мен Одақ туралы шарттың ережелерін тосқауылдарсыз бірыңғай қызметтер көрсету нарығының қалыптастырылуы және жұмыс істеуі бөлігінде орындауы талап етіледі», – деді Тимур Жақсылықов.

ЕЭК министрі бизнесті жүргізу шарттарының жайлылығы бойынша халықаралық рейтингтерде Одақ позициясының жақсарғанын атап өтті. «Мүше мемлекеттердің халықаралық рейтингтеріндегі позициялары жақсаруда. Осыларды талдай отырып, біз, егер бірлестік ретінде ескерілсе, онда біздің Одақ Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде қандай орын алар еді деп шартты түрде есептеу жасаймыз. Бізде жыл сайын жақсару бар. Қазір, мысалы, ЕАЭО өткен жылмен салыстырғанда өз позицияларын төрт орынға жақсартып, 31-орынды иеленер еді», – деп мәлімдеді Тимур Жақсылықов.​