Жүйеге кіру
ЖЕЭК қорытындысы: Еуразиялық интеграцияның цифрлық кезеңі іске қосылды

ЖЕЭК қорытындысы: Еуразиялық интеграцияның цифрлық кезеңі іске қосылды

12.10.2017

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықтың, соның ішінде ғарышта, жаңа форматтарын іске асыруға, Одақ елдерінің экономикаларын цифрлық трансформациялау саласында алғашқы бірлескен жобаларды іске қосуға, Еуразиялық экономикалық кеңістікте барлық өндірушілердің бәсекелестік бостандығы мен тең құқықтарын белсенді қорғауға дайын. Бұл туралы 2017 жылғы 11 қазандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы мәлімдеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы 11 қазанда Сочиде (Ресей) өтті. Оған Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мен Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сапар Исаков қатысты.

Владимир Путин отырысты аша келіп: «Одақ табысты жұмыс істеуде және дамуда деп сеніммен айтуға болады. Интеграция біздің мемлекеттеріміздің экономикалық өсуі қарқынына оң әсерін тигізуде», – деп атап өтті. Ресей Президентінің айтуы бойынша, ЕАЭО үшін стратегиялық маңызды салаларда орнықты оң динамиканы атап өтуге болады: «өнеркәсіпте өсім 2,4%-ды, ауыл шаруашылығында – 1%-ға жуық құрады, жүк, жолаушылар тасымалы сәйкесінше 6,9 және 7,8%-ға кеңейді». Бұдан басқа, Одақтың ішкі саудасының көлемі 26%-ға өсті, ал экспорттық-импорттық операцияларының оң сальдосы 77 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл ретте машиналардың, жабдықтар мен көлік құралдарының үлесі 17,5%-ға жетті. Энергетикалық тауарлардың үлес салмағы 28%-ға дейін төмендеді.

Ресей Президенті ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымының өсімі 30%-ды құрағаны – «біздің Одақ шеңберінде бірыңғай нарық пен ортақ экономикалық кеңістік құруымыздың тікелей салдары» екендігіне сенімді.

Ресей Федерациясының басшысы одақтас мемлекеттер арасында тауарлардың, жұмыс күшінің, қызметтер көрсетудің және капиталдың еркін қозғалысына кедергі келтіретін шектеулерді жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажет екендігіне сенімді. Өнеркәсіп саласында, агроөнеркәсіптік кешенде, энергетикада, техникалық реттеуде қолданыстағы тосқауылдарды жою бойынша «жол картасын» әзірлеуді жылдамдату қажет.

ЖЕЭК барысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін 2025 жылға дейін іске асырудың негізгі бағыттары бекітілді. Құжатта Одақ мемлекеттерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығының мақсаттары, қағидаттары, міндеттері, бағыттары мен механизмдері белгіленді. ЕАЭО елдерінің үкіметтеріне Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе отырып цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етуге тапсырма берілді.

«Одақ елдері өздерінің экономиканы дамыту стратегиялары мен бағдарламаларында қазірдің өзінде экономиканы цифрлық трансформациялаудың сын-қатерлеріне жауаптар дайындау бойынша бірқатар міндеттерді шешуде, - деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян. – Алайда мүше мемлекеттердің цифрлық саладағы келісілген саясаты Одақ елдерінің цифрлық экономикасын дамытуда синергетикалық нәтижелер алудың көзіне айналуы мүмкін».

Цифрлық жобалар мен бастамалардың үлес қосуы ЕАЭО ЖІӨ 2025 жылға қарай күтілетін жиынтық өсімінің 11%-ға дейін құрауы мүмкін, деп есептейді Дүниежүзілік банк сарапшысы. Егер Одақ елдері цифрлық күн тәртібін іске асыру бойынша өз күш-жігерлерін синхрондауды қамтамасыз етпейтін болса, оның ЖІӨ өсіміне қосатын үлесі айтарлықтай төмен болады. «Біз біздің елімізде қазірдің өзінде енгізілетін озық практикаларды қолдана отырып, бір-бірімізге ортақ Еуразиялық цифрлық кеңістікті дамытуға көмектесе отырып, келісе ілгері жылжуымыз қажет. Әйтпесе, біз өзімізді географиялық емес, технологиялық қағидат бойынша бөлетін жаңа тосқауылдар мен шекараларды алатын боламыз және тауарлар мен қызметтер көрсетуді өткізуді қиындатамыз», – деп есептейді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Бірлескен жұмыс Одақ елдерінде жаңа жұмыс орындарын және салаларды құруға, қоғам өмірінің барлық салаларында цифрлық түрленулер есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ЕАЭО мемлекеттерін цифрлық трансформацияның жаһандық, макроөңірлік және өңірлік процестеріне қосуға, тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

ЕАЭО елдерінде цифрлық экономиканы дамытудың негізгі бағыттары экономика және нарықтар салаларын цифрлық трансформациялау, интеграциялық процестерді басқарудың заманауи технологиялары мен құралдарын енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ деректер мен коммуникация каналдарын қорғау болады.

Келесі жылы сарапшылар ұсыныстар жинауды бастайтын және ЕАЭО екі немесе одан көп елдері қызығушылық танытатын бастамаларды әзірлеуге дайын болады. Егер сарапшылар тобы жұмысының қорытындысы ЕЭК Кеңесінің және барлық ұлттық үкіметтердің өкілдерінің қолдауына ие болған жағдайда мақұлданған бастамалар негізінде нақты жобаларды іске асыру басталады. Басымдық тәртібінде электрондық сауданы, көлік дәліздерінің цифрлық инфрақұрылымын дамытумен, өнеркәсіптік кооперацияда жаңа технологияларды пайдаланумен, сондай-ақ цифрлық бақылап отырумен байланысты бастамалар қаралатын болады. Цифрлық трансформациялау шеңберінде бірлескен жұмыстың маңызды бөлігі ЕАЭО-да деректерді өңдеу туралы келісімді дайындау және Одақтың регулятивті «құмсалғыштары» жүйесін құру болып табылады.

ЕАЭО цифрлық күн тәртібінің негізгі ережелері жобасын талқылау барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Одақ елдерінің экономикаларын цифрландыру мәселелеріне арналған ЖЕЭК отырысы мен мамандандырылған форум өткізуді ұсынды.
ЕАЭО елдерінің жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастығының үлгісі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қабылданған ғарыш аппараттары мен жерүсті инфрақұрылымын бірлесіп пайдалану бағдарламасын әзірлеу туралы өкім болып табылады. Президенттер мақұлдаған құжат Жерді қашықтықтан зондтау деректерінің ұлттық дереккөздері негізінде ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсетуді ұсыну саласындағы әріптестікті көздейді.

Одақ елдерінің өзара іс-қимылы үшін Комиссия ЕАЭО-ның жетекші аэроғарыштық кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қолдауымен 2016 жылы қалыптастырған «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар» Еуразиялық технологиялық платформасы база болады. Ғарыш аппараттары мен жерүсті инфрақұрылымының қолданыстағы топтарын интеграциялау бойынша мемлекетаралық бағдарлама 2018 жылғы 1 қарашаға дейін әзірленуі тиіс. Қазірдің өзінде Одақ елдерінің аэроғарыштық ведомстволарының өкілдері мен сарапшылар енген жұмыс тобы құрылды. Бір аптадан кейін «Қазақстан Республикасының ғарыш күні» форумы шеңберінде осы топтың бірінші отырысы өтеді.

Ғарыш аппараттарының бірлескен орбиталық тобын коммерциялық пайдалануды басқаруды өзіне алатын және әлемдік нарыққа шығу бойынша маркетингтік стратегияны әзірлейтін ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсетудің біріктірілген операторын құру мүмкіндігі қаралуда. Осы бағдарламаның маңызды бөлігі әртүрлі сервистерді (ТЖ мониторингі, пайдалы қазбаларды іздеу және өндіру, құрылыс, экология және т.б.) ұсынатын ақпараттық порталдың пайда болуы болмақ.

Үшінші кезеңде ЕАЭО шағын ғарыш аппараттарын кооперациялық сериялық өндіру және іске қосу басталуы мүмкін. Спутник құру кезінде Одақ елдерінің ұлттық өндірушілерінің жобалаудың жаңаша цифрлық технологиялары мен мақсатты аппаратура өндірісі, қызметтік платформаны өндірудің аддитивтік технологиялары, борт жүйелері мен әзірлеу кешендері пайдаланылатын болады. Одақ кәсіпорындарының өнеркәсіптік ынтымақтастығы радиоэлектрондық өнеркәсіп пен композициялық материалдар өндірісін дамыту үшін қуатты серпіліс және жалпы ЕАЭО елдерінің экономикасының өсуіне маңызды драйвер болады. Мұндай спутниктерді сериялық өндіру 2023 жылдан кейін-ақ басталуы мүмкін.

Жоғары кеңес мүшелері маңыздылығы бойынша Одақ туралы шарттан кейінгі екінші құжат болып табылатын ЕАЭО Кеден кодексін ратификациялау барысын талқылады. Құжат бизнес үшін пайдалы көптеген жаңа нормаларды қамтиды. «ЕАЭО КК күшіне енуі кедендік технологияларды ақпараттық рельске ауыстыру үшін қуатты серпін болады және құқық қолдану практикасында жинақталып қалған көптеген проблемаларды жояды», - деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян.

Кеден кодексі кедендік реттеуді кең көлемді және бір мезетте өзгертеді. Бұл көптеген азаматтар мен кәсіпкерлердің басым бөлігіне тікелей қатысты. Осыған байланысты мемлекет басшылары қоғамды Кодекстің негізгі ережелері мен күшіне енетін күні туралы алдын ала хабардар ету қажеттілігіне ерекше назар аударуда. ЕАЭО КК 2018 жылдың басынан бастап қолданыла бастайды деп бағамдалуда. Қазіргі уақытта Одақтың барлық елдерінде құжат парламенттерге жіберілген және осылайша оны ратификациялау рәсімі басталды.

ЕАЭО Сотының Төрағасы болып алдағы үш жылға Қазақстан Республикасының өкілі Жолымбет Бәйішев, ал оның орынбасары болып – Армения өкілі Эрна Айриян сайланды.

ЖЕЭК шешімі бойынша Ресей Федерациясы 2018 жылы Одақтың органдарына – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесіне төрағалық ететін болады.